Киногерлер шағымынан кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы іріктеу конкурсын қайта жариялады

Жарияланды
Фото: shutterstock

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2023 жылы қаржыландыруға үміткер киножобаларды іріктеу үшін конкурсты қайта жариялайды. Мұндай шешім аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша бекітілді. Бұған дейін жарияланған конкурстық өтінімдерді қабылдау нәтижелері жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, жаңа конкурсқа үміткерлердің құжаттары 9-29 тамыз аралығында қабылданады. Киножобалар Сараптамалық кеңес отырысында қорғау қыркүйек айының соңында өтеді. Конкурстық іріктеудің қорытындысы биыл қазан айында жарияланады.

«Біз мемлекеттік қаржы есебінен түсіріліп, кейін «ұлттық фильм» деп танылатын жобалар туралы айтып отырмыз. Сондықтан тексеру жүргізген аудиторлардың ұсыныстары мен шешімін ескеру және орындау керек. Ең алдымен, барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау қажет. Біз өз тарапымыздан үміткерлерге барынша көмектесуге әрі киножобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз. Орталық та, киногерлер де әр теңге үшін есеп беретінін есте ұстағаны жөн», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

«Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы» ақпаратына сәйкес, картиналарды шығаруға өтінімдер келесі санаттар бойынша қабылданады:

Әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер (қаржыландыру көлемі 100%-ке дейін) мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін басымдықты тақырыптар: тарихи кино; балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер; спорт туралы фильмдер; көрнекті тарихи тұлғалар, мәдениет, ғылым және спорт қайраткерлері туралы фильмдер; сыбайлас жемқорлықпен күресу;

Әлеуметтік маңызы бар анимациялық фильмдер (қаржыландыру көлемі 100%-ке дейін) мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін басымдықты тақырыптар: балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер; халық дәстүрін сақтау; отбасылық құндылықтарды қорғау; спорт туралы фильмдер; өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеу.

Әлеуметтік маңызы бар деректі фильмдер, соның ішінде атаулы оқиғалы фильмдер (қаржыландыру көлемі 100%-ке дейін) мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін басымдықты тақырыптар: отбасылық құндылықтарды қорғау; көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстандағы бірлік; халық дәстүрін сақтау; арамыздағы батырлар; көрнекті тарихи тұлғалар, мәдениет, ғылым және спорт қайраткерлері туралы фильмдер; ғылым және техника саласындағы жетістіктер; экология және табиғи ресурстарды қорғау; Атырау облысы табиғатының ерекшеліктері.

Жоғарыда көрсетілген барлық тақырыптар бойынша келесі санаттарда да өтінімдер қабылданады: Дебюттік фильмдер (қаржыландыру көлемі 100%-ке дейін); Кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған фильмдер (қаржыландыру көлемі құнынан 70%-ке дейін); Бірлесіп шығарылған фильмдер (аталған фильмдерді шығару туралы тиісті келісімдер шеңберінде).

Өтінім құжаттамасын қабылдау 2023 жылдың 9 тамызынан  бастап, 2023 жылдың 29 тамызына дейін жүргізіледі.

Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды және ұлттық фильмдерді шығару бойынша мемлекеттік қаржылық қолдау  «Кинематография туралы» Заңының 12-бап 2-тармағына және 13-бабының 5-тармағына сәйкес көрсетіледі.

Еске салайық, 12 мамыр күні иногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының (ҰКМҚО) байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуден әділетсіз өткізетінін айтып, наразылық шарасын өткізген болатын. Ал, 25 ммамыр күні Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының әділетсіздігін айтып, митингке шыққан киногерлердің мәселесін шешу үшін министрлік жанынан тәуелсіз комиссия құрылатынын мәлім еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз