Жаңалықтар

Қонаевтың Бас жоспары күшіне енді: Қала Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық белдеуіне айналады

Фото: zan.gov.kz

Қонаев қаласының Бас жоспары күшіне енді. Енді қала сол жоспарға сәйкес дамиды.

Алматы облысының орталығы – жаңа әкімшілік мәртебе берілуімен қаланы дамытудың жаңа стратегиясы айқындалды. Бұл стратегиялық жоспарда қаланың болашақта қандай болатыны сипатталған.

Осы бекітілген құжатқа сәйкес Қонаев қаласы Алматы облысының заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдениет орталығына, өнеркәсіптік-инновациялық орталыққа, Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық белдеуіне және азық-түлік белдеуіне айналмақшы. Сонымен бірге қала болашақта мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай-химия, көлік-логистикалық, әскери-өнеркәсіптік, ғылыми-білім беру, туристік,су рекреациясы және су спорты, туризм, аңшылық және балық аулау орталығы болады деп жоспарланып отыр.

«Бас жоспардың негізгі мақсаты жоспарлау құрылымының барлық элементтерін өзара байланысты дамыта отырып, қаланың перспективалы шекараларына қосылатын қазіргі елді мекендер мен тұрғын үй кешендерін ескере отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды функционалдық аймақтарға бөлу мен орналастыру арқылы жайлы әрі қауіпсіз тыныс-тіршілік ортасын құру», делінген құжатта.

Құжатты Үкімет 1 тамыз күні бекітті. Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың м2 жаңа тұрғын үй салынады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деңгейін 18%-ға артырып, ал жұмыссыздық деңгейін 4,2%-ға азайту соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,8%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жоспар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер санын екі есе көбейту көзделген.

Ал Бас жоспар бойынша қаланың қалай дамитыны туралы жазған болатынбыз. Жобалық кезеңде Қонаев қаласын дамытуға арналған инвестициялар барлығы 4 070 870,47 млн теңгені құрайды. Оның 1,8 трлн теңгесі бірінші кезең құрылысына бөлініп қойған.

Құжатқа сәйкес қалада халықаралық әуежай мен мұнай өңдеу зауыты салынуы тиіс. Сонымен бірге Бас жоспар бойынша қала ауасын таза ұстау мақсатында қоныстану аймағында орналасқан үш құс фабрикаларын – «Алатау Құс» ЖШС, «Агро Фит Қапшағай» ЖШС, «Agro Food» ЖШС және «Қапшағай Бидайөнімдері» ЖШС-і Солтүстік өнеркәсіптік аймаққа көшіріледі деп жоспарланып отыр.