Еліміздің алтын-валюта резерві 274 млн долларға төмендеді – Ұлттық банк

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн АҚШ долларына төмендеп, 34,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл жайлы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

Теңге 1,4%-ға нығайды

Теңге бағамы шілденің қорытындысы бойынша 445,89-ға дейін – 1,4%-ға нығайды. Жалпы, бұл ай ұлттық валюта үшін позитивті болды – нығаю үрдісі мұнайға белгіленген бағаның өсуіне және бейрезиденттер қаражатының мемлекеттік бағалы қағаздарға әкелінуіне де байланысты болды.

«Шілде соңында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттердің салымдары жыл басынан бері 178 млрд теңгеге ұлғайып, 559 млрд теңгені құрады. Шілде айында ғана ҚР мемлекеттік борышына жаңа қаражаттың әкелінуі шамамен 100 млрд теңгені құрады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансфертті қамтамасыз ету аясында сату көлемі 591 млн АҚШ долларын құрады. Тамызда Қаржы министрлігінің болжамдарына сәйкес сату көлемі 750 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерге барды», дейді банк сарапшысы.

Сонымен бірге банк өкілі БЖЗҚ шілдеде 240 млн АҚШ долларына валюта сатып алғанын, Осы айда да сол шамада – 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін сатып алу күтілетінін айтты.  

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін біртіндеп 15%-ға дейін арттыруды көздейді. Ұлттық Банк қордың ақшасын басқарушы ретінде биржада жыл соңына дейін шамамен 140 млрд теңгеге, оның ішінде тамыз айында 50 млн АҚШ долларынан 100 млн АҚШ долларына дейін валюта сатып алуды жоспарлап отыр», дейді Әлия Молдабекова.

Ал квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату көлемі шілдеде міндетті сату үлесі 30%-ға дейін төмендегеннен кейін 195 млн АҚШ долларын құраған. Биыл жыл басынан бері интервенциялар жүргізілген жоқ.

Ұлттық валюта бағамының қалыптасуына қандай факторлар әсер етті?

Банк өкілі Ұлттық Банк теңгенің айырбас бағамына болжам жасамайтынын және таргет жүргізбейтінін, оның нарықтағы факторларға байланысты қалыптасатынын айтады.

«Айырбастау бағамы инфляциялық таргеттеу режиміне байланысты өзгермелі келеді. Ұлттық Банктің басты мақсаты – баға тұрақтылығы. Валюта нарығына қатысты біздің басты міндетіміз – валюта нарығының, әсіресе, қиын кезеңдерде де тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Қазіргі сәтте бағам экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс негізінде қалай қалыптасуға тиіс болса, дәл солай қалыптасып келеді. Бағамның еркін қалыптасуы аясында айырбастау бағамының бір бағытта немесе өзге бағытта өзгеруі экономиканың шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін объективті процесс және экзогендік фактор», дейді маман.

Ұлттық Банктегі алтын-валюта резервтерінің динамикасы қандай?

Маманның айтуынша, бір айдың ішінде алтын бағасы 1 унция үшін 1904 доллардан 1956 долларға дейін немесе 2,7%-ға өскен. Бұл ретте жекелеген кезеңдерде бағалы металдың белгіленген бағасының ең жоғары шегі бір унция үшін 1982 долларға жеткен.

Шілденің бірінші жартысында алтын нарығының өсуі АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты болған. Шілденің екінші жартысында АҚШ-тың ФРЖ отырысына жақын күндері пайыздық мөлшерлемені көтеру бойынша сараптамалық күтулер нығайып, алтынның бағасы жоспарлы түрде төмендеген.

«Алтынның белгіленген бағасы өскеніне қарамастан, айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн АҚШ долларына төмендеп, 34,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл Ұлттық Банктің валюталық шоттардындағы қалдықтың төмендеуіне, сонымен қатар мемлекеттік борышты төлеуге байланысты», дейді Әлия Молдабекова. 

Ұлттық қордағы валюталық активтер 60,2 млрд АҚШ долларын құрады

Маман Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 413 млн АҚШ долларына ұлғайып, шілде соңында 60,2 млрд АҚШ долларын құрағанын айтады.

«Қаржы нарығына қатысушылар экономиканың орнықтылығына байланысты биыл рецессияның басталмайтынын болжап отыр. Ал жетекші инвестициялық банктердің экономистері құлдырап жатқан инфляция аясында қыркүйек отырысында ФРЖ мөлшерлеменің көтерілуін кідіртеді деп күтеді. Шілдеде инвесторларда оптимизм басымырақ болды және ол акциялар мен облигациялардың және алтын нарығының өсуіне әсер етті. Сөйтіп, шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 900 млн АҚШ долларын құрады», дейді сарапшы.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 284 млрд теңге аударылғанын айтқан банк өкілі, осы мақсатта ішкі валюта нарығында 591 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылғанын айтты. Соның есебінен шілдеде Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсім 102 млн АҚШ долларын құраған.

Сондай-ақ оқыңыз