Жаңалықтар

Қазақстандықтардың деректерін республика аумағынан тыс жерде сақтағаны үшін Yandex.kz домені бұғатталды

Елімізде Yandex.kz сайты істемей қалды. Бұған қатысты Цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

9 тамызда Қазақстандағы Интернетті пайдаланушылардың көпшілігі Yandex.kz сайтын аша алмады. ҚР Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі аталған веб-ресурсқа қатысты шектеудің немен байланысты екенін түсіндірді.

«2023 жылдың 9 тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 38/НҚ бұйрығымен бекітілген Интернеттің қазақстандық сегменті кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және тарату ережелерінің 16-тармағының 6-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс аппараттық-бағдарламалық кешендерде интернет-ресурсты орналастырғаны үшін www.yandex.kz домендік атауы жұмысы тоқтатылды», деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Министрлік «Яндекс» ААҚ-ға компания пайдаланатын деректерді өңдеу орталықтарының орналасқан жері және ҚР азаматтарының дербес деректерін қорғау шаралары, сондай-ақ «Яндекстің» құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимыл жасау қағидаттары туралы толық ақпарат беруді талап ете отырып, сауал жолданғанын да нақтылайды. 

Бұған дейін, «Яндекстің» қазақстандық баспасөз қызметі БАҚ-та тараған Қазақстанның «Yandex Go» сервисін тұтынушыларының жеке деректеріне Ресейдің федералдды қауіпсіздік қызметі қол жеткізе алады деген ақпаратқа түсініктеме берген еді.

Қазақстандағы пайдаланушыларға Yandex Go қызметін ұсынатын «Yandex.Taxi Corp» ЖШС қазақстандық компаниясы республика заңнамасына сәйкес пайдаланушылардың жеке деректерін өңдейді, сонымен қатар деректер субъектілерінің барлық құқықтарын қамтамасыз етеді», делінген компания хабарламасында.

Дегенмен, Яндекс Қазақстандағы қызметтің жұмысына қатысты деректерді уәкілетті шетелдік, оның ішінде ресейлік мемлекеттік органдар «тек ресми сұрау салу арқылы және белгіленген халықаралық рәсімдер шеңберінде ғана» сұрай алатынын атап өткен.