«Ауыл аманаты» жобасына келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлеміз – Әлихан Смайылов
«Ауыл аманаты» жобасына келесі жылы 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл жайлы Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысқан ол:
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі барлық өңірге кеңінен таралуы тиіс. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен ауылда көптеген кәсіпкерлік бастаманы қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлеміз. Жобаның арқасында ауылдық елді мекендерде өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармақ. Ақтөбе облысы – жобаны іске асыру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Осы қарқынмен бұл жұмысты жалғастыру қажет», деді.
Жалпы, өңір тұрғындары «Ауыл аманаты» аясында 6,5 млрд теңге сомаға 1 486 жобаны қаржыландыруға өтінім берді. 1 389 жоба мақұлданып, оның 930-ы 4 млрд теңгеге қаржыландырылған. Нәтижесінде 1 122 жаңа жұмыс орны құрылып, 103 мыңнан астам құс сатып алынған. 48 жылыжай салынып, 146 га алқапқа картоп және басқа да көкөністер егілді, сондай-ақ ауылда 389 жаңа наубайхана, ет, сүт өңдеу бойынша шағын цехтар және т.б. шағын бизнес нысандары ашылған.
«Жоба 2022 жылғы қараша айында басталды. Оған кіріспес бұрын біз әр ауылға скрининг жүргізіп, алғаш рет барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірледік. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. Биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде», деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов