Көкшетау қаласында 239 млрд теңгеге жаңа ЖЭО салынады – Энергетика министрі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Көкшетау қаласында 239 млрд теңгеге жаңа ЖЭО салынады. Бұл жайлы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақмола облысына сапары барысында айтты.

«Ақмола облысындағы энергия көзі Степногорск жылу электр орталығы болып табылады, оның белгіленген электр қуаты 180 МВт-қа тең. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында электр қуаты 240  МВт болатын жылу электр орталығын салу жоспарлануда. Құрылыстың жалпы құны 239 млрд теңгеден асады. Жобаны ағымдағы жылдың күзінде өткізілетін электр қуаты нарығында тендер өткізу арқылы жүзеге асыру жоспарлануда», деді министр.

Облысты жылумен қамтамасыз етудің негізгі көздері – Степногорcк жылу электр орталығы мен «Көкшетау Жылу» МКК қазандықтары. Министр олардың тозғанын айтты. Степногорcк ЖЭО-сы 81,7%-ға, «Көкшетау Жылу» МКК қазандықтары 63,1%-ға тозған.

«Қаланың белсенді дамуын, сондай-ақ тұрғын үйлердің, әлеуметтік объектілер мен ғимараттардың қарқынды салынып жатқанын ескерсек, алдағы перспективада аудандық қазандықтардың жұмыс істеп тұрған жылу қуаты жеткіліксіз. Осыған байланысты, Көкшетау қаласында жылу энергиясына қосымша қажеттілік бар, оны жабу үшін бүгінде жылу қуаты сағатына 520 Гкал құрайтын Көкшетау жылу электр орталығын салу қарастырылуда», деді Сәтқалиев.

Министр сонымен бірге жаңартылатын энергия көздерінің де іске қосылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақмола облысында жалпы қуаты 437,3 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 11 объектісі бар. Оның ішінде қуаты 337,3 МВт құрайтын 10 жел электр станциясы және қуаты 100 МВт құрайтын 1 күн электр станциясы жұмыс істейді. Ал 2025 жылға дейін жиынтық қуаты шамамен 96 ) МВт құрайтын  жаңартылатын энергия көздерінің 9 объектісін іске қосу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз