Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Сотталушылар М. және С., ҚК 366, 368, 189-баптары бойынша кінәларын мойындамады және ақтауды сұрады. Е., өз кінәсін толық мойындады. Алқабилердің қатысуымен сот кесімі бойынша сотталушылар өздеріне тағылған қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылды. М.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша мүлкін тәркілеумен, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. C.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Е.-ге мүлкін тәркілеумен, 7 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындады», – дейді Павлодар сотынан.
Сонымен қатар, сот полиция бөлімінің 421 миллион теңге материалдық шығынды өндіру туралы талап арызын қанағаттандырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.