Polymetal Ресейдегі активтерін сатады
Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және әлемдегі алғашқы бестікке кіретін «Polymetal» компаниясы ресейлік активтерін сатуға ниетті, деп хабарлайды Moscowtimes басылымы.
Бұл жайлы инвесторлармен өткен конференцияда компания басшысы Виталий Несис айтқан.
Ресейдің Магадан мен Свердлов облыстарында, сондай-ақ Хабаровск өлкесінде, Якутия мен Чукоткада кәсіпорындары бар компания осы аптада Джерси аралынан Қазақстанға көшті. Қазақстанда «Polymetal» компаниясының екі кеніші бар.
Компания Қазақстанға көшкеннен кейін ресейлік бизнесті бөлуді жоспарлаған. Бірақ мамырда салынған АҚШ санкциялары бұл процесті қиындатып жіберген. Соған байланысты Polymetal Ресей Федерациясындағы активтерін сатқысы келеді.
«Біз әлі де АҚШ санкцияларына ұшыраған еншілес компаниялардан құтылуды көздеп отырмыз. Санкциялық режимде бөлініп шығу жолдары қарастырылмайды, ол мүмкін емес», деген компания басшысы.
Компания өкілінің мәліметінше, сатуды жүзеге асыруға кем дегенде 6-9 ай уақыт қажет. Компания бұл активтерін сатқан соң, одан түскен қаражатты Қазақстанда кәсіпорындар салуға және дивиденттер төлеуге жұмсай алады.
«Біз акциялардың құнын сақтап қалуға тырысамыз. Сонымен бірге санкцияларды бұзғымыз келмейді. Сондықтан ресейлік бизнесті сатудан басқа дұрыс жол көріп тұрған жоқпыз. Біз алдағы бірнеше тоқсанда осы шараларды жүзеге асырамыз», деді Несис.
Ол төлемдерді кешіктірмей төлейтін және лайықты бағасына алатын сатып алушылар бар екенін де айтты.
Еске сала кетсек, 19 мамырда АҚШ «Полиметалл» АҚ санкциялық тізімге енгізді. Polymetal International plc атқарушы директоры Виталий Несис компанияның Қазақстандағы активтері санкцияға ұшырамайтынын айтты.
Санкцияға ұшыраған соң, Polymetal акционерлері Қазақстанға ауысуды мақұлдады. Компанияның Қазақстанға ауысуын акционерлердің 92%-ы қолдаған.
7 тамыз күні Ресейдегі жетекші алтын өндіруші компаниялардың бірі Polymetal International plc компаниясы Джерси оффшорлық аралынан Астана халықаралық қаржы орталығына көшу жұмыстарын толық аяқтады.