Жаңалықтар

Қарағандыда балалардың улануы: қызметтен шеттетілген 10 маман жұмысына оралды

Фото: kursiv.media

Қарағандыда балалардың улануына байланысты жұмыстан шеттетілген 10 қызметкер жұмысына оралды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі — елдің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«14 бала уланды, бір бала қайтыс болды. 7 бала ауруханадан шығарылды, 6 баланың жағдайы ауыр, 4 балада жағдайы ауыр болып отыр. Оның ішінде 2 баланың жағдайы өте ауыр. Балалардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Себебіне келсек, эпидемиологиялық тексеріс өткізілді. Нәтижесінде балалардың тамақтан уланбағаны анықталды. Болуы мүмкін деген инфекцияларға сынама алынды. Оның нәтижесі де теріс болды. Балаларға қойылған диагноз – себебі белгісіз улану. Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесін күтеміз», – деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айтуынша, арнайы комиссия құрылып, 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілді.


«Комиссияның кейінгі отырысында осы мәселе қаралып, 10 қызметкер жұмысқа қайтарылды», – деді вице-министр.

Айта кетейік, 1 тамызда еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болғанын хабарлады. Алты бала жансақтау бөліміне түскен. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына барды.

Сол күні кеште облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев балалар жаппай уланған Қарағандыдағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорының міндетін атқарушысы мен 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілгенін хабарлады.