Қазақстан заңын осы күнге дейін бұзып келген: «Яндекс» өз доменін ел аумағына көшіру үшін уақыт беруді сұрады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Яндекс компаниясы Қазақстан республикасының заңнамасын сақтауға дайын екендігін айтып, өз доменін Қазақстан Республикасының аумағына көшіру үшін уақыт беруін сұраған. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

«Министрлік заңды бұзған домендерге қол жеткізуді уақытша шектеу құралын пайдалана отырып, заң бұзған домендердің жұмысын толығымен тоқтатуды мақсат етпейді. Қабылданған шаралар нәтижесінде Яндекс компаниясынан өз доменін елге көшіру мерзімін ұзарту жөнінде хат келді. Сондай-ақ, Яндекс компаниясы Қазақстан заңнамасының барлық талаптарын сақтауға дайын екендігін жеткізді», делінген министрлік хабарламасында.

Курсив тілшісі министрліктен қазақстандықтардың деректері сақталған Яндекс серверлерінің қайда орналасқанын сұрады. Бірақ мақала жарияланымға шыққанға дейін ведомстводан ешқандай жауап келмеді.

Министрліктің хабарлауынша, Яндекс компаниясына ведомстводан осы жылдың 25 шілдесінде сұрау жіберілген. Алайда компания еш жауап бермеген. Сол себепті yandex.kz доменіне уақытша шектеу қою туралы шешім шығарған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Яндекс» компаниясына деректерді өңдеу орталықтары қай жерде орналасқанын білу үшін, Қазақстан азаматтарының жеке деректерін қорғауға және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу жолдарын көрсетуге қатысты сауал жолдады.

9 тамызда Қазақстанда yandex.kz доменінің жұмысы тоқтатылды, себебі интернет-ресурс Қазақстандықтардың деректерін республика аумағынан тыс жерде сақтап келген.

«Яндекстің» қазақстандық баспасөз қызметі БАҚ-та тараған Қазақстанның «Yandex Go» сервисін тұтынушыларының жеке деректеріне Ресейдің федералдды қауіпсіздік қызметі қол жеткізе алады деген ақпаратқа түсініктеме беріп, «Yandex Go» сервисін тұтынушылардың жеке деректеріне Ресей федералды қауіпсіздік қызметі сұрау салу арқылы қол жеткізе алатынын мәлімдеген болатын.

Компания ФСБ-ның Ресейден тыс таксилер туралы деректерге қол жеткізе алатынын жоққа шығарса да, Финляндияның Деректерді қорғау жөніндегі омбудсмен кеңсесі (DPA) Финляндия мен Норвегияда жұмыс істейті Yango такси қызметі тұтынушыларының кез келген жеке деректерін Ресейге беруді тоқтату туралы шұғыл бұйрық шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз