Жаңалықтар

Шетел азаматтары елімізде рұқсатсыз жұмыс істей алады: Үкімет арнайы тізім әзірледі

Фото: kursiv.media

Қандастар, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін келген бизнес өкілдері, босқын немесе пана іздеп жүрген адам мәртебесiн алғандар және тағы да басқа санаттағы азаматтардан шетелдік жұмыс күшін татуға арналған рұқсат талап етілмейді.

«Ашық НҚА» порталында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттары талап етілмейтін адамдар тізбесі бекітілген құжат талқыланып жатыр.

Қаулы жобасының мақсаты – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты талап етілмейтін адамдардың тізбесін айқындау.

Құжатта 5 қаулы күшін жоятыны, ал 2-не өзгеріс енгізілетіні жазылған.

«Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттары талап етілмейтін адамдардың тізбесі айқындалсын. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын», делінген құжатта.

Ал жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанның оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитын және сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес оқудан бос уақытында жұмыс iстейтiндерде рұқсатқағаз талап етілмейді. Сонымен бірге 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарынан да бұл қағаз сұралмайды.

Сонымен бірге құжатта теңіз және өзен кемесінің, әуе және теміржол көлігі экипажының мүшелері болып табылатындар, әртiс, режиссер, дирижер, хормейстер, балетмейстер, спортшы және жаттықтырушы болып жұмыс iстейтiндер, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары, Қазақстан Республикасының аэроғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттары шеңберінде тартылатын, ғарыштық зымыран кешенін құру және жердегі ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану жөніндегі мамандарынан жән т.б. санаттағы маман иелерінен рұқсат қағазы талап етілмейтіндігі жазылған.

Бұл тізімде отбасы мүшелерін, сондай-ақ асырауындағы адамдарды қоспағанда, инвесторлық виза алғандар да бар. Яғни Қазақстан Республикасының Үкіметімен ақшаға шаққанда 50 миллион АҚШ долларынан астам сома инвестицияға келісімшарт жасаған ұйымдардың бірінші басшылары және қызметтiң басым түрлерiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыратын және инвестициялар жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiмшарт жасаған Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бiрiншi басшылары болып жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар жоғары білімді, ұлттық басқарушы холдингте құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымынан төмен емес лауазымдарда жұмыс істейтіндер, Ұлттық басқарушы холдингтің директорлар кеңесінің мүшелері ретінде жұмысқа тартылатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардан шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат талап етілмейді.

Қаулы 23 тамызға дейін талқылауда болып, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік
он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.