Жаңалықтар

Үкімет Степногорск қаласын дамытуға 107 млрд теңге бөледі

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногорск қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша құжатта денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, АӨК, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, т. б. бойынша 83 шара көрсетілген.

«2027 жылға дейін Жоспарды іске асыруға шамамен 107 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болмақ. Шығындардың басым бөлігіне (58,3 млрд теңге) тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту және тозуын азайту (23 жоба) қарастырылған. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған», делінген хабарламада.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қаладағы өнеркәсіптік өндіріс көлемін 550 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз ету көзделген. Өңдеуші сектор өнімі кемінде 70%, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ға арттыру жоспарланған.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін белгіленген мерзімге дейін 74%-дан 90%-ға дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, құжатта жұмыспен қамту, кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау көзделген.

«Экологиялық проблемаларды шешу шаралары жоспарланған. Атап айтқанда, атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту (9,8 мың тоннаға дейін), өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бойынша міндеттемелерін орындауда жауапкершілігін арттыру шаралары бар», делінген хабарламада.

Еске салайық, Степногорск қаласы мен оған іргелес аймақтардың аумағы 290 мың гектардан астам, халық саны – 68,5 мың адам. Қаланың әкімшілігіне бір ауылдық округ және 9 елді мекен – 4 кент, 5 ауыл кіреді. Өнеркәсіп саласы қала экономикасының драйвері болып табылады. Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногорск қаласының үлесі – 25,3%.