1 қыркүйектен бастап үй жануарларын есепке алу ережелері күшіне енеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, үй жануарын тіркеу үшін мамандар үйлерді араламайды.
«Бұл азаматтардың Конституциялық құқығы, үйіңізге кіргізбеуге құқығыңыз бар. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, көршісі иттің қарғыбаусыз жүргеніне шағымданса, иттің иесі анықталып, жануарды тіркеу туралы мәселе туындайды», – дейді ол.
Сондай-ақ ол үй жануары аулада серуендеп жүргенде учаскелік полицей келіп, иттің чиптелген-чиптелмегенін сұрауға құқылы ма деген сұраққа жауап берді.
«Иттің чипі бар-жоғын тексеру үшін арнайы сканер болуы керек. Иттің иесі мұндай жағдайда құжатын көрсетсе болады. Яғни, учаскелік инспектор сұрақ қоя алады», – дейді комитет төрағасының орынбасары.
Брифингте журналистер «мысық пәтерден шықпайтын болса да оны тіркеу қажет пе?» деп сұрады.Андрей Кимнің айтуынша, барлық ит пен мысықты тіркеу қажет.
Айта кетейік, жануарларды аулау және есепке алу жөніндегі жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Ал үй жануарын есеп алу ақылы түрде жүргізіледі. Алайда оның құнын экология министрлігі бақыламайды.
«Бағаны Экология министрлігі бақыламайды. Оны нарық реттейді. Біз шекті бағаны белгілемейміз. Чип қою заң қабылданғанға дейін де болды. Оны ветеринарлық клиникалар іске асырды», – деді Андрей Ким.