Аппеляциялық сот Asia Credit Bank-ке залал келтірген Шадиевтің жазасын жеңілдетті

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media

Апелляциялық сот бұрынғы банкир Орифжан Шадиев пен оның көмекшісі Михаил Соловьевке қатысты үкімін өзгертті. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Аппеляциялық сот шешімі: 11 тамызда апелляциялық сот Asia Credit Bank-ке залал келтіру ісі бойынша бірінші сатыдағы сот шешімін ішінара өзгертті. Кәсіпкер ол кезде бір жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Ал аппеляциялық сот оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын бекітті. Сондай-ақ сот оған өмір бойына қаржы ұйымдарында басшылық қызметтерді атқаруға және олардың негізгі қатысушысы болуға тыйым салды.

Істің мән-жайы: Шілде айында Алмалы аудандық соты Орифжан Шадиевті бір жыл алты айға ең төменгі режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарған. Ол «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Көп ұзамай кәсіпкердің қорғаушысы «Курсивке» Шадиевке қатысты шығарылған сот үкіміне шағымданатынын айтты. Айтуларынша, сот адвокаттардың келтірген дәлелдерін есепке алмаған.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, 2019 жылы Патох Шадиевтің жиені Орифжан Шадиев «Asia Credit Bank» акцияларын бұрынғы иесі Сарыбай Қалмұрзаевтың ұлы Нұрбол Сұлтаннан сатып алды. Мәміленің бір ғана шарты болды – Сұлтан банкті аударады, ал Шадиев кепілде тұрған бірнеше несие бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Ол кезде 16 миллиард 699 миллион теңгенің мүлкі туралы сөз болған. Тараптар келісімге келіп, жаңа қожайын несиенің жалпы сомасын өтейтін Алматының жоғарғы бөлігінен 7 жер телімін банкке кепілге берген.

Алайда, кейін олигарх кепілді өзгертіп, банк активтерінің орнына Алматының элиталық таулы аймағындағы 100 гектардан асатын бір учаскені кепілге қояды.

«Банкпен Соловьев арасында жасалған кепіл мәмілесінде, Соловьев кепіл ретінде ұсынған жер учаскесінің нарықтық бағасы 46,8 млрд теңге деп асыра бағаланған, ал кепілдің құны 23,4 млрд теңге көлемінде екені анықталған», делінген үкім мәтінінде

Осылайша, Шадиев пен Соловьев жалған құжаттарды қолдану арқылы жер учаскесінің нарықтық құнын негізсіз көтеріп, AsiaCreditBank-іне 16,7 млрд теңгеге залал келтірді, деп санайды мемлекеттік айыптаушы.

Шадиев тарапы: сотта бизнесмен өз кінәсін мойнына алған. Алайда, банкке залал тигізу ниеті болмағанын айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады. Соловьев кінәсін жартылай мойындады.

Кәсіпкер немен танымал? 2021 жылы Орифжан Шадиев Forbes журналының «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» тізімінде 40-шы орынды иеленді. 2018 жылы Forbes оның байлығын $177 млн ​​деп бағалады. Forbes мәліметтері бойынша, Шадиев 2021 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша құрылыс бизнесінде активтері болған: «Integra Construction KZ» ЖШС (бұрынғы «Жол жөндеуші») және «PRIME System» ЖШС акцияларына ие болды», ол арқылы кәсіпкер 2016 жылы 51 миллион еуроға сатып алынған итальяндық Todini Costruzioni Generali құрылыс компаниясына ие болған.

Шадиев Capital Bank Kazakhstan мен AsiaCredit Bank-тің иесі болған. Capital Bank Kazakhstan лицензиясын қайтарып алғаннан кейін Ұлттық банк Шадиевтің үстінен 15,75 миллиард теңге өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Бұрынғы банкир мен Ұлттық банк 2024 жылдың желтоқсанына дейін берешекті бес бөліп төлеуді көздейтін бітімгершілік келісімге келген, алайда 2022 жылы Жоғарғы сот бұл келісімді бұзды.

Сондай-ақ оқыңыз