Ішкі нарықты қорғау мақсатында кеңсе қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынуы мүмкін

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөздерден

Кеңсе қағазын жеткізетін шетелдік компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыстырылмауы мүмкін және кеңсе қағазын шетелдік компаниялардан сатып алуға тыйым салынуы мүмкін. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Атап айтқанда, «Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жарияланды. Оған сәйкес А3 және А4 форматтарында жазу, басып шығару немесе басқа да графикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын қағаздар алып қою тізбесіне енгізілуі мүмкін.

Кеңсе қағазын жеткізетін шетелдік компанияларды мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеу ішкі нарықты импорттан қорғауға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік бермек.

Кеңсе қағазын «алып қою тізбесіне» енгізуді «Атамекен» ҰКП және Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы көтерген.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алмат Асқардың айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстан жеке өндірістерді құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанына қарамастан, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға шетелдік компаниялар көптеп қатысады.

«Осы жылдың төрт айы ішінде жазу, баспа немесе басқа да графикалық мақсаттарға арналған қағаз бен картонның импорты ақшалай мәнде 2022 жылдың аналогтық кезеңімен салыстырғанда 51,6%-ға өсіп, 6,3 млрд теңгені құрады. Ал заттай мәнде 18,5%-ға ұлғайып, 10,9 тоннаны құрады», дейді ол.

Департамент өкілі қағазды жеткізетін негізгі көздер ірі шетелдік компаниялардың көтерме сатушылары мен дистрибьютерлері екенін айтады. Бұл компаниялар әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты Қазақстан нарығына назар аудара бастаған. Қазақстанда өндірісі жоқ, жабдық пен персоналға шығын шығармай шетелдіктер конкурста демпинг көрсетіп, төмен баға ұсына алады. Осылайша отандық өндірушілер тапсырыстан, сәйкесінше жұмыстан қағылып отыр.

Қазіргі кезде Қазақстанда Астана, Алматы, Шымкент және Петропавл қалаларында кеңсе қағазын өндіретін кәсіпорындар тіркелген және белсенді жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорындардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 23 мың тоннадан асады. Бұл ретте 2022 жылы сатып алудың барлық көлемі шамамен 15 мың тоннаны құраған.

«А3 және А4 форматындағы кеңсе техникасы үшін қағаз өндіруші отандық кәсіпорынлдар сатып алудың қажетті көлеиін толық қамтуға, керек болса, өндірістік қуатты арттыруға дайын. Сонымен қатар, отандық өндірушілер бюджетке салық аударымдарын қамтамасыз етеді. Импорт азаяды. Сондай-ақ, біздің компаниялар дайын өнім экспортын жолға қоюға дайын», деп атап өтті Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Сондай-ақ оқыңыз