Оңтүстік Кореяға заңсыз өткен қазақстандықтар 1 млн теңге айыппұл төлейді
Оңтүстік Кореяда шекарасын заңсыз кесіп өткен қазақстандықтарға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«10 тамызда Корея Республикасының мемлекеттік шекарасын 2023 жылдың наурызында заңсыз кесіп өткен Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Инчхон қаласының аймақтық соты Қазақстан азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей вон көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салу, одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды», – делінген СІМ таратқан ақпаратта.
Айыппұлды сот белгілеген мерзімде (7 күн) төлей алмаған жағдайда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.
Қазақстандық дипломаттар ҚР азаматтарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетті. Олардың туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болды, сондай-ақ сот процесіне қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін СІМ Оңтүстік Кореяда ұсталған қазақстандықтарға үш түрлі айып тағылғанын хабарлады.
24 наурызда Инчхон әуежайында паспорттық бақылауды өту кезінде Ташкенттен келген екі Қазақстан азаматына Оңтүстік Кореяға кіруге рұқсат берілмеген.
Олар депортациялауды күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда түнде қазақстандықтар қашып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. 26 наурызда заң бұзған қазақстандықтың бірі ұсталды, ал 29 наурызда екінші қазақстандық кінәсін мойындап, өз еркімен берілді.