Қорғаныс министрлігі таяу арада өткізілетін жауынгерлік даярлық барысында әскери техника теміржолмен тасымалданатынын ескертіп, ресми хабарлама таратты. Осыған байланысты тұрғындарды түрлі қауесетке сенбеуге шақырып отыр.
«Әскерлерді даярлау жоспары шеңберінде Қарулы күштерде жауынгерлік даярлық сабақтары өткізіледі. Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жауынгерлік техникамен марш жасап, теміржол көлігімен еліміздің әр өңіріндегі полигондарға жеткізіледі», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, полигондарда тактикалық жаттығулар мен атыстар, күндіз де, түнде де өткізіледі. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, дайындық барысында әскери қызметшілердің мақсатқа сай тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындауы, бөлімдердің үйлесімділігі мен қабілеті, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады.
«Осыған байланысты, азаматтардан таратылған қауесеттерге мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», делінген хабарламада.