Жаңалықтар

Сарқан ауданында жаңа металлургиялық кешен пайда болады

Жетісу облысы Сарқан ауданында металлургиялық кешен құрылысы жүріп жатыр. Бүгін Сарқан ауданының әкімдігі аталмыш кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатта аудан тұрғындарын кәсіпорынға жұмысқа орналастыру, өнеркәсіп орнын аудан аумағына тіркеу туралы мәселелер қамтылды, – деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, «Aksenger LTD» ЖШС Сарқан ауданы Лепсі ауылдық округіне қарасты Шөлқызыл станциясының маңында құрамында алтыны бар кенді өндіру және өңдеу металлургиялық кешені құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды.

Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 180 мың тонна кен өндіретін қуатқа ие болмақ. Жоба толық қуатына шыққанда 200 адамды жұмыспен қамтиды. Қазірге кезде мұндағы құрылыс аумағында 80 адам жұмыс істеуде.

Қазір Сарқан ауданында 21 өнеркәсіп орны жұмыс істесе, өткен 7 айдың көлемінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 млрд. 371 млн. теңгеге жеткен. Ал Жетісу облысы бойынша бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп өндірісі 10,3 пайызға өсіп, 152,4 млрд. теңге болды.