АҚШ-та ФРЖ мөлшерлемені 2024 жылдың екінші тоқсанынан бастап төмендетеді – Goldman

Жарияланды
ФРЖ
Фото: архив kursiv.media


АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) 2024 жылдың маусым айының соңында базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендете бастайды. Бұл туралы Goldman Sachs Group (SPB: GS) Inc. сарапшылары хабарлады, деп жазады Интерфакс-Қазақстан.

Олардың пайымдауынша, АҚШ Орталық банкі қыркүйекте өтетін отырысында мөлшерлемені қазіргі жылдық 5,25-5,5% деңгейінде сақтап қалады.


«Ал қараша айына қарай ФРЖ АҚШ-тың базалық инфляциясының жеткілікті деңгейде бәсеңдегенін және бұдан әрі мөлшерлемені көтерудің қажеті жоқ екенін түсінеді», – деп атап өтті сарапшылар.


Осылайша ФРЖ мөлшерлемені төмендетуді 2024 жылдың екінші тоқсанында бастайды және оны тоқсанына 25 базистік тармаққа (б.т.) кемітеді, деп болжайды Goldman.

Сонымен қатар, инвестициялық банк сарапшылары ақша-несие саясатын қалыпқа келтірудің өзі қазіргі уақытта ФРЖ үшін мотивация емес екенін атап өтті. Осыған байланысты халықаралық агенттік АҚШ Орталық банкі мөлшерлемелерді олар болжаған уақыттан кешіктіріп төмендете бастайды деген тәуекелді де атап өтті.

«Біз уақыт өте келе ФРЖ мөлшерлемесі 3-3,25% деңгейінде тұрақталады деп күтеміз», – дейді Goldman Sachs Group сарапшылары.


Еске сала кетсек, 2023 жылдың 27 шілдесінде АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі базалық мөлшерлемені қайтадан 5,25-5,5% тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл соңғы 22 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы арқылы ФРЖ инфляцияны Орталық банк белгілеген 2% деңгейіне қайтаруға тырысуда.

Сондай-ақ оқыңыз