Жаңалықтар

Дамушы нарық валютасы әртүрлі бағыттағы динамика көрсетті

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 11 тамызда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,1%-ға (445,29 теңгеден) біршама әлсіреп, 1 АҚШ доллары 445,81 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 4-11 тамыз аралығында сыртқы қаржы нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Талдаушылардың болжамы бойынша, Америка экономикасының статистикалық деректері жағымды көрініс тауып, соның аясында мөлшерлеменің қосымша арту ықтималдығы төмендеп келеді. Олардың пікірінше, тұтыну бағаларының индексі жайлы деректер, инфляциялық күтудің төмендеуі мен жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға арналған өтінімдердің көбеюі – инфляцияның баяулағанын көрсететін индикатор. Мысалы, тұтыну бағаларының индексі айлық есеп бойынша шілдеде 0,2%-ға өсіп жылдық есеп бойынша, ФРЖ-ның 2% нысаналы көрсеткішіне жақындап қалды. 2021 жылғы сәуір айынан бері алғаш рет жинақтаудың өсу үрдісі байқалды. Ал жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға арналған өтінімдер 230 мың болуы мүмкін деген болжаммен салыстырғанда, 248 мың өтінімге дейін ұлғайды. Қытайдың экспортына қатысты әлсіз деректер доллардың нығаюына алып келді: өткен аптада АҚШ долларының индексі 102,05 мәнінен 102,84 мәніне дейін өсті.

Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі динамикасын көрсетіп, ол төмендегідей қалыптасты:

  • Мексика песосы базалық мөлшерлеменің сақталуы және оның бұдан әрі көтерілу ықтималдығы аясында 0,4%-ға (17,08-ден 17,01-ге дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы базалық мөлшерлемені сақтау бойынша күтулер аясында (82,84-тен 82,84-ке дейін) өзгерген жоқ;
  • түрік лирасы 0,2%-ға (26,96-дан 27,02-ге дейін) әлсіреді, оған талдаушылардың Түркиядағы пайыздық мөлшерлемелердің өсу қарқыны баяулайды деп күтуі себеп болды;
  • Индонезия рупиясы жаһандық инвесторлар тарапынан тәуекел-дәрежесінің төмендеуі аясында 0,3%-ға (15170-тен 15219-ға дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы орталық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі аясында 0,8%-ға (4,87-ден 4,91-ге дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды сауда балансының тапшылығы аясында 2,7%-ға (18,46-дан 18,95-ке дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі биржадағы валютаға сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік аясында 3,9%-ға (95,69-дан 99,43-ке дейін) әлсіреді.