Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, қыркүйектің 1-нен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, республика бойынша бір балаға берілетін бір күндік астың құны орта есеппен 577 теңге, алАлматы қаласында 800 теңгені құрайды.
«Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.