МАЭК-тегі апат: Маңғыстауда электр қуаты уақытша өшірілетіні туралы халыққа бір күн бұрын ескертіледі

Жарияланды

МАЭК-те болған апат салдарынан Маңғыстауда электр жарығын беруде ішінара шектеулер жасауға тура келеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

15 тамыздан бастап, жарық өшірілетінін туралы халыққа алдын ала хабарланатын болады.

Бұл туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аймақ басшысының бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев айтты. Өңірдегі елді мекендерге біркелкі жарық беру үшін қуатты уақытша ажырату «тиімді» әдіспен жүргізу жоспарланып отыр.

Бұл белгілі бір аймаққа сәйкес тұтынылатын энергия көлемін азайту мақсатында, тұтынушылар үшін электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшетінін білдіреді. Тұрмыстық энергия тұтынушыларға жоспарланған үзілістер алдын-ала хабарланатын болады.

«МАЭК» ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда, екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін қысқарған. Осы орайда аймақ басшылығы мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге ең алдымен әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жедел штаб құрды.

Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқала нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар, ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз, – деді «Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов.

Жедел штаб отырысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы мәселе қаралды.

«Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз, өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Орын алған жағдайда бізді жүйелік оператор – «KEGOC» АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт – қа дейін алуға көмектеседі, – деп түсіндірді Жұмабай Қарағаев.

Қазіргі уақытта жедел штаб өңірде электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыс істеуде және комбинат қызметкерлері толықтай күш салуда.

«МАЭК»-тегі апат жойылғанға дейін өңір тұрғындарын осы жағдайға түсіністікпен қарауға, электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырамын. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні энергия блоктарының жұмысын тез қалпына келтіру үшін жұмыс атқаруда. Бүгін біз «тиімді» өшірудің ең жоғары жүктемелерін сынақтан өткізіп жатырмыз, ертеңнен бастап тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін, елді мекендерді ажырату кестесін алдын-ала ұсынатын боламыз, – деп қорытындылады Жұмабай Қарағаев.

Сондай-ақ оқыңыз