Маңғыстау облысының бірқатар елді мекендерінде электр энергиясын «тиімді» ажырату әдісі қолданыла бастайды. Бұл жайлы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы жылдың 13 тамызында №3 энергоблоктың авариялық жөндеуде болуына және «МАЭК» ЖШС электр станциясында №1 ЖЭС энергоблогының тоқтауына байланысты «КЕГОК» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісімімен электр энергиясын тұтынуға ішінара шектеулер енгізілді», деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Осыған байланысты өңірде облыс басшылығының төрағалығымен жедел штаб ашылып, оның құрамында уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірген. 13-14 тамызға қараған түні жедел штаб жұмысы барысында бірінші санаттағы әлеуметтік және денсаулық сақтау объектілерін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі қаралған.
Өңірдің елді мекендерін электр энергиясымен пропорционалды қамтамасыз ету үшін уақытша ажыратуды «тиімді» тәсілмен қолдану туралы шешім қабылданды. Аймақтарға сәйкес, тұтынылатын энергия көлемін шектеу мақсатында тұтынушыларды 3-тен 5 сағатқа дейінгі электр желісінен циклдік ажырату жүргізіледі.
Бұл шара «МАЭК» энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін жалғасады. Бұл орайда ірі өнеркәсіптік нысандарға берілетін электр энергиясына да шектеу қойылмақ. Жедел штаб электр энергияны тез арада қалпына келтіру мақсатында бірқатар шараларды қарастырып жатыр.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жауапты тұлғаларға барлық коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
12 тамыз күні «KEGOC» АҚ 11 тамызда Астана уақытымен сағат 14:20-да Маңғыстау облысындағы ЖЭО-2-де екі турбоагрегат сөндірілгенін мәлімдеді. Салдарынан МАЭК ЖЭО-дағы 3-блок өшірілді. Бұл Атырау энергетикалық орталығында электр энергиясын тұтынуды 55 МВт-қа және Маңғыстау энерготорлығында 35 МВт-қа шектеуге алып келді.