Миллиардтар бөлінген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам үшін пайдалы болды ма?
14 тамыз Ашық нормативтік актілер порталына қойылған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №724 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» қаулының жария талқылау уақыты аяқталады. Сонымен, 2017 жылы басталған жоба биылға дейінгі уақыт аралығында қазақ қоғамына не берді. Бөлінген қаражат пен алға қойылған мақсаттың үдесіне жұмыс істей алды ма? «Курсив» тілшісі осы сауалдарға қатысты сарапшылардың пікірін білді.
Бағдарлама өз миссиясын атқара алды ма?
Бұл тұрғыда сарапшылардың пікірі де біржақты сияқты көрінеді. Белгілі қоғам қайраткері, кезінде Президент әкімішлігі Ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі, кейін Атырау облысы мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Шыңғыс Мұқан бұл сауалға ешікім нақты жауап бере алмайды деп санайды.
«Бұл бағдарлама туралы айтар болсам, ішінде қайтсек жас ұрпағы жігерлі, креативті, жасампаздыққа құштар ұлтқа айналамыз деген ойды мақсат тұтқан кешенді миссиясы бар жоба еді. Сондықтан аталған бағдарламаның осы миссиясының қаншалықты орындалғанын айқындау үшін нақты көрсеткіштері болуы керек. Бұл сұраққа меніңше Қазақстанда ешкім де жауап бере алмайды деп ойлаймын. Тіпті бұл тұрғыда сол бағдарламаны жазған, артынан іске асыруға тікелей міндеттелген тұлғалар да ештеңе айта алмайды. Себебі, «міне мынаған қол жеткіздік»,- айтатын ешнәрсе көріп отырған жоқпыз.
Алайда алдағы уақытта осы бағытта мемлекет тарапынан ұлттық тұрғыда даму үшін жұмыстар жалғасуы тиіс деп санаймын. Ол арнайы бағдарлама немесе қаулы болуы да міндетті емес,»,-дейді экс-шенеунік.
Тағы бір сарапшы саясаттанушы Назерке Еркінқызы болса, аталған бағдарлама бар болғаны іс жүзінде акциялық сипатта ғана іске асты деп санайды.
«Рухани жаңғыру бағдарламасы концепциясы бойынша ауқымды сипат алғанмен, іс жүзінде акциялық сипатта болды. Яғни, орындалу процесі дұрыс болмады. Кемшілігі осында.
Түрлі концерттер мен флэшмобтар арқылы шектеліп қалды. Ал бағдарламаның өзінің концепциясы толықтай жүзеге асқанда қоғамды рухани модернизациялау функциясын толыққанды орындай алатын еді. Әр жылдары әртүрлі басшылық келді. Олар өзіндік ерекшеліктерін енгізді. Бірақ соңына дейін бағдарламаның негізгі бағыттарын жүйелі орындауға жауапкершілік танытпады»,-дейді Қолданбалы саясат және экономикалық зерттеулер мектебінің сарапшысы.
Ол сондай-ақ, аталған бағдарламаның миссиясының орындалмауының негізгі себебі – жүзеге асыру механизмдерінің болмауында немесе тиімсіз болуында екенін атап өтті.
Бағдарламаға қанша қаражат кетті?
Аталған ауқымды жоба о бастағы өзінің міндетін атқару үшін ел бюджетінен аз қаражат бөлінбегені белгілі. Жаңарған нұсқадағы 2021 – 2025 жылдарды қамтиды деп жоспарланған бағдарламаға Үкімет қаулысымен барлығы 119 млрд 375 млн 266 мың теңге қарастырылған екен. Оның 110 млрд 363 млн 199 мың теңгесі Респбликалық бюджеттен, 9 млрд 012 млн 067 мың теңге қаражат жергілікті бюджеттерден қарастыралды деп көрсетілген. Жоспарланған қаражаттың 2021 жылы 27 млрд 797 млн 417 мың теңгесі, келесі 2022 жыл – 26 млрд 695 млн 141 мың теңгесі, 2023 жыл – 23 млрд 416 млн 984 мың теңгесі, 2024 жыл – 20 млрд 781 млн 813 мың теңге, 2025 жылы қалған – 20 млрд 683 млн 911 мың теңгесі игеріледі деп көрсетілген.
Жоғарыда пікір білдірген сарапшымыз Назерке Еркінқызының 2021 жылға дейнгі аралықта бағдарламынң алғашқы нұсқасын жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 54 миллиард теңге ақша жұмсалды деген дерек келтірді. Оның ойынша, бұл жерде де ашықтықтың болмауы көп күмән тудыратын көрінеді.
«2021 жылға дейін 54 млрд теңге бөлінген десе, одан кейінгі жалғасына 120 млрд теңгеге жуық қаражат көрсетілген. Ал бағдарлама құрылған 2017 жылдан бастап, қазіргі дейін нақты қанша бөлінгені туралы ақпарат жоқ. Әр жерде әртүрлі. Бұдан ашықтық пен жүйеліліктің жоқтығын байқауға болады»,-дейді Н. Еркінқызы.
Үкімет бағдарламаны жабуға неге асықты?
Аталған бағдарлама 2021 жылы «Ұлттық рухани жаңғыру» деп жаңарған нұсқамен қайта қабылданғаны белгілі. Сол кезде Президенттің тапсырмасымен 2025 жылға дейін міндетті орындалу ы тиіс 10 бағдарламаның бірі бола тұра, Смайылов үкіметі жобаны жабу туралы аяқ-асты шешім шығаруына не себеп болды? Осы жерде сарапшыларымыздың пікірі де екі түрлі. Бұл тұрғыда Шыңғыс Мұқан өз пікірін:
«Бағдарламаны аяқ асты жабу туралы Үкіметтің шешіміне не себеп болғанын мен нақты айта алмаймын. Жалпы, кез-келген бағдарлама қабылданған да оның бір аяқталатын мерзімі көрсетіледі. Мүмкін бұл жоба да солай өзінің о бастағы белгіленген уақытына жеткен шығар. Сол себепті, Үкімет қаржыландыруды тоқтатамыз деген болар деп ойлаймын»,-деп қысқа қайырды.
Ал екінші сарапшымыз Назерке Еркінқызы Үкіметтің бұндай шешім шығаруына бірнеше фактор себеп болғанын алға тартады.
«Сыбайлас жемқорлық, жалған есептер, бір реттік акциялар, орындаушылардың жауапкершілігінің жоқтығы және ең бастысы ашықтық болмады. Осындай факторлар қоғамда күдік пен сенімсіздікке ықпал етті», – дейді саясаттанушы.
Қоғамды «оқитын ұлтқа» айналдыра алмады
Дәл осы сарапшымыз аталған бағдарламаның жақсы тұстары болғанын да жоққа шығармады. Алайда, жобада көрсетілген негізгі мақсаттар жүзеге аспай қалғанын нақты фактімен алға тартты.
«Яғни әлем әдебиеттері қазақ тіліне аударылды, ауылдық елді мекендерде білім ошақтары жөнделді, еліміздің кейбір тарихи жерлері қайта қалпына келді. Бірақ қоғамды бағдарламада көрсетілгендей «оқитын ұлтқа» айналдыра алмады. Ондай мәдениетті қалыптастырып, ұлтты біріктіру, ғылым-білімге деген құштарлықты оятуға қауқары жетпеді. Жоғарыда айтқанымдай бір реттік іс-шаралар арқылы ол мүмкін еместе еді»,-деп атап өтті сарапшы Н. Еркінқызы.
Оның сөзінше алдағы уақытта ағартушылық салаға қатысты жаңа жобалар мен бағдарламалар қабылданып қалуы мүмкін көрінеді. Дегенмен, олар басынан ашық және жауапты жұмыс істесе ғана қоғамға пайдасы тиеді деп санайды.
Саясаттанушының осы пікіріне орай екінші сарапшымыз Шыңғыс Мұқан да алдағы уақытта осы бағыттағы кешенді жоба керек деп санайды екен.
«Күнде өзгеріп жатқан әлемдік өркениеттің біз қай жерінде тұрмыз? Қай деңгейге дейін жеткізіміз келеді? Ол үшін не істеуіміз керек? Осындай дүниетанымдық, пәлсапалық сұрақтардың басын ашып алу үшін, қоғамды қатыстыра отырып, талқылап қазақ руханиятының саналық, сапалық дамуының жол картасын жасау керек сияқты.Қорыта келгенде айтарым, бұл жетістіктерге жету бір бағдарламаның немесе бір уақыттың шаруасы емес секілді көрінеді»,-дейді баспагер, қоғам белсендісі Ш. Мұқан.