«ӨКМ операторы» ісі бойынша 7 жылға сотталған Құмарғалиевтің әкесі Тоқаевтан көмек сұрады

Жарияланды
Медет Құмарғалиев / Фото: ашық дереккөздерден

«ӨКМ операторы» ЖШС ісі бойынша 7 жылға сотталған Медет Құмарғалиевтің әкесі Құмарғали Смағұлов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол істің әділетсіз жүргізілгенін айтып, сот үкімін назарға алуды сұрады.

Құмарғали Смағұлов өзінің білім саласына 47 жыл еңбегі сіңгенін, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі екенін айтып өтті.

«Осы уақытқа дейін әділеттілікке бет бұрған Қазақстанда әділ сот болады дегенге сеніп келдім. Бойымды кернеген шарасыздық, көз алдымда болып жатқан әділетсіздік сізден осы мәселеге көңіл аударуыңызды сұрауға мәжбүрледі. Сіз халық арасында үлкен наразылық тудыраған «Утильалымға жол жоқ!» қозғалысының талаптарына сәйкес осы мәселемен айналысатын «Оператор РОП» ЖШС жұмысын жан-жақты қараңдар деп тапсырма бердіңіз», – деді Құмарғали Смағұлов видеоүндеуінде.

Сондай-ақ тапсырмаға сәйкес құқық қорғау қызметкерлері негізінен «РОП деген не? Немен айналысады? Алғашқы иесі кім? РОП біздің елге керек пе еді? Оның нормотивтік құжаттарын кім дайындады? Тариф бағалары қандай негіздемеге сүйеніп жасалды? Утильалымның тариф бағасының жоғары болуының себебі неде деген сұрақтарға жауап іздеуден бастауы керек болғанын айтты.

«Өкінішке орай олай істемеді. Өйткені шынайы қылмыскердің беті ашылып қалатын болды. Ескі әдіске салып, жалған жала жауып, «Оператор РОП» директоры қызметін атқарып жүрген ұлым Медет Құмарғалиевті және экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұловты бірлесіп утильалымды өз бас пайдасы үшін жоғары тарифке көтеріп, қылмыстық іс жасады деп 2022 жылдың қаңтарында қамауға алды. Кейіннен 8 айға созылған тексерісте айыптаушылар бұл іске қатысы жоқ, бұлардың құзырындағы іс емес екенін дәлелдеп шықты. Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері бұл айыпты алып тастауға мәжбүр болды. Бірақ Антикор қызметкерлері оңбай қателескенін мойындағысы келмеді. Керісінше екі эпизод бойынша жаңа айып тағылды», – деді Құмарғали Смағұлов видеода.

Айтуынша, президенттің жолдауына сәйкес министрлік бекіткен инвестициялық жоспарда өнеркәсіпті дамыту қорына аударуға бағытталған 180 млрд теңге «Оператор РОП» есепшотында тұрған. Антикор сол ақшаны «ұрламақ болып, тығып қойған жерінен елге қайтардық» деп әлемге жар салды.

«Дәл қайда? Ең қызығы, сол ақша сол инвестициялық жоспар бойынша «Жасыл даму» АҚ басшылары өнеркәсіпті дамыту қорына аударып, 4%-бен көлік несиелеуге жұмсады. Осы жерде қандай заңбұзушылық бар?», – дейді Құмарғалиевтің әкесі.

Екінші тағылған айып – әрбір утилизацияланған техникаға тарифті негізсіз көтеріп, мемлекетке 15 млрд теңге залал келтіру.

«Менің балам ешқандай тарифті көтермеген. Өзінің алдындағы әріптестері қандай тарифті пайдаланса, ол да сол тарифті өз жұмысында пайдаланған. Ал бір техниканы утилизациялауға төленетін 123 000 теңге 2016 жылы министрлік бекіткен келісімшартта жазылған. Жарамдылығы – 10 жыл. Бұл кезде ұлым бұл компанияда жұмыс істемеген. Тарифті бекітуге қатысы жоқ. Тағылып отырған айып негізсіз»,- дейді Құмарғали Смағұлов.

Құмарғалиевтің әкесі заңсыз үкім шығаруға шынайы қылмыскерді бүркемелеу, халықты тыныштандыру мақсатында басқа адамды қамау себеп болғанын айтады.

Айта кетейік, Медет Құмарғалиев 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Еске сала кетсек, 3 шілде күні Астанада «Оператор РОП» ЖШС басшылары мен бұрынғы экология вице-министрі сотталды. 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құрманғалиев қылмыстық кодекстің189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігінде жасалған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Ахметжан Пірімқұлов қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бөлігі 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз