Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда қазақстандық әйел автобус жүргізушісін пышақтаған – СІМ

Сеулде автобус жүргізушісін пышақтаған Қазақстан азаматы арнайы мекемеде емделіп жүрген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Министрліктің ресми өкілінің айтуынша, әйелдің Оңтүстік Кореяда тұруға техникалық визасы болған. Ол – этникалық корей.

«Ол күйеуімен бірге бизнеспен айналысады. 2020 жылдан бері әйел мамандандырылған клиникада емделген. Оңтүстік Корея полициясының алдын ала мәліметінше, сол жағдай болған кезде әйел дәрінің ықпалында болған. Жақында консул әйелмен кездеседі деп жоспарланып отыр», – деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, бұған дейін Сеулде Қазақстан азаматы автобус жүргізушісін пышақтаған еді. Полиция автобусты бөгеген және қоғамдық көлік жүргізушісіне шабуыл жасап, оны жарақаттаған 50 жастағы қазақстандық әйелді ұстады.

10 тамызда Сеулде әйел автобустың алдынан шығып, көліктің терезе жуғыш жабдығын сындырмақ болған. Жүргізуші автобустан түскенде әйел пышақпен тап берген. Содан кейін қазақстандық қашып кеткен.
Алайда әйел 11 минуттан кейін ұсталды.

Автобус жүргізушісіне медициналық көмек көрсетілген.