Қазақстанға үшжақты «газ одағын» құру туралы Ресей де, Өзбекстан да ұсыныс жасаған жоқ – Энергетика министрлігі
Қазақстан Ресей тарапынан да, Өзбекстан тарапынан «үш жақты газ одағын» құру туралы ұсыныс алған жоқ. Мұндай бастама көтерген Мәскеу. Бұл туралы Энергетика министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов мәлімдеді.
Оның мәліметінше Қазақстан, Ресей және Өзбекстан арасындағы газ саласындағы үшжақты ынтымақтастықты қалыптастыру бастамасын 2022 жылдың қарашасында РФ жариялаған.
«Бұл ретте ресейлік және өзбек тараптарынан бұл ынтымақтастық бойынша ресми ұсыныстар түскен жоқ. Бұл елдермен газ саласындағы ынтымақтастық екіжақты форматта өзара тиімді серіктестік негізінде жүзеге асырылады», деді Энергетика министрлігінің ресми өкілі.
Оның дерегінше, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінде ресейлік газды Өзбекстан Республикасы бағытында транзиттеу мүмкіндігі бар. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында ресейлік газды Өзбекстанға жеткізу «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырын дайындау бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
«Осылайша, бүгінде Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау үшін «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырының қазақстандық бөлігін техникалық дайындау жұмыстары жүргізілуде. Оның аяқталуы 2023 жылдың 1 қазанына жоспарланған», деді Шыңғыс Ілиясов.
Бұған дейін Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында Өзбекстанға Ресей газын жеткізуге келісімшартқа және республиканың газ тасымалдау жүйесін осы газды қабылдауға дайындау бойынша «Жол картасына» уағдаласқанын жазған едік. Келісім-шартқа Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Мирзамахмудов пен «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасы А. Миллер қол қойды.
«Келісімшарт толығымен коммерциялық шарттарда әзірленген және республиканың тұтынушыларының жылдан жылға өсіп келе жатқан табиғи газға, сондай-ақ күзгі-қысқы маусымға деген қажеттілігін ішінара қанағаттандыруға бағытталған шаралардың бірі. Келісім шеңберінде ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап тәулігіне 9 миллион текше метр табиғи газ импортын бастау жоспарлануда. Ал жылдық көлемі шамамен 2 миллиард 800 миллион текше метрді құрайды», делінген хабарламада.
Осы жиын барысында Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация «Газпром» компаниясының басшылығымен кездескен еді. «Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды. Сондай-ақ газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланды.
«QazaqGaz» компаниясы Өзбекстанға Ресей газының транзиті 2023 жылдың қазан айынан басталатынын жария еткен еді.
Сондай-ақ, РФ СІМ экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский Қазақстан, Ресей, Өзбекстан «үш жақты газ альянсын» кеңейтуге қатысты мәлімдеме жасаған. Ол «газ саласындағы үш жақты ықпалдастықты кеңейту» мүмкіндігі бар екенін және «оған өзге де мемлекеттер қызығушылық танытып отырғанын білетінін» жария еткен еді.
Түркіменгаз» мемлекеттік концерні басшысының орынбасары Мырад Арчаев, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан «үш жақты газ альянсын» кеңейтуге қатысты туындаған бірқатар мәселелерді айқындау керек деп мәлімдеді.