«Қазақмыс» кеншілері ереуілге шықты
Ұлытау өңірінде «Қазақмыс» корпорациясының 100-ден астам кеншісі ереуілге шықты. Шахтерлер еңбек жағдайлары мен ерікті медициналық сақтандыруды жақсартуға, сондай-ақ сыйақы мен өтемақы мөлшерін арттыру мәселесі қамтылған 15 шақты талаппен шыққан.
Белсенділердің айтуынша, 13 тамызда түнгі ауысымға шыққан Сәтбаев қаласындағы №65 шахтаның жұмысшылары жұмысын тоқтатқан. Қазір кеншілердің айтуынша, наразылық акциясына корпорацияның басқа кәсіпорындарының қызметкерлері де қосылған. Солайша 100-ге жуық кеншілер жиналған.
Кеншілердің бірі «шахтерлерге қолдау көрсету үшін олардың шахтасына қажетті азық-түлік жеткізілгенін, барлық шахталардағы шахтерлер қолдау көрсетіп жатқанын айтқан.
Кеншілер еңбек жағдайын жақсартуды, жұмысшылардың бір жылдық еңбегін еңбек өтілінде бір жарым жылмен санауды, ескі тау-кен жабдықтарын ауаны тазалайтын кондиционері бар жаңа жабдыққа ауыстыруды, жұмысшылар қабылдауды, шахталарда жұмысшылардың не себепті тапшы екенін түсіндіруді талап еткен. Талаптардың арасында жақында қайтыс болған шахтер Ербосыновтың орнына оның ұлын жұмысқа алу талабы да бар. Ереуілдеушілер сонымен бірге ауыр жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің демалыс күндерін 48 күннен 54 күнге дейін арттыру мәселесін көтеріп және ерікті медициналық сақтандыру шарттарын қайта қарауды сұраған. Сондай-ақ кеншілердің төл мерекесінде «100 мың теңге көлемінде» сыйақы төлеуді енгізіп, кеншілер күнін тойлаудан бас тартуды талап еткен.
«Қазақмыстың» баспасөз қызметі «Қазақмыс» компаниялар тобының кеніштеріндегі жұмыстардығ уақытша тоқтатылғаны туралы хабарлады.
«2023 жылдың 14 тамызында түнгі ауысымға түскен Сәтбаев өндірістік алаңының №65 шахтасының кеншілері мен мердігерлік ұйымдарының қызметкерлері жұмыстардың тоқтатыла тұрғанын хабарлады. Оқиға орнына «Қазақмыс» басшылығы, прокуратура, жергілікті атқарушы билік өкілдері жиналды. Қазіргі уақытта «Қазақмыс» басшылығы туындаған мәселелерді шешу үшін шахтерлердің бастамашыл тобымен келіссөздер жүргізуде. Аймақтық жедел штаб жұмыс жасауда», делінген «Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Қазақмыс» корпорациясының қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай. Кәсіпкерлер «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді. Олар 2022 жылдың сәуір айында «Жетімшоқы БК» ЖШС-нің 60% қатысу үлесін 2,3 млрд теңгеге сатып алды. Бұл кәсіпорын «Vertex Holding» ЖШС-мен байланысты. Оның иесі – Владимир Жұманбаев. Мәміледен кейін «Vertex Holding» ЖШС-нің үлесі 99,99-дан 39,99%-ға дейін төмендеген.
Forbes Kazakhstan-ның 2023 жылғы бай бизнесмендер рейтингісінде Владимир Ким бірінші орында тұрса, Эдуард Огай №11 болып тұр.