Қазақстан тарапы Еуропа Парламент депутаттарымен визалық режимді жеңілдетуді, санкция салдарынан қорғауды талқылайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл 21-23 тамызда Еуропа Парламентінің сыртқы комитетінің төрағасы Дэвид Макаллистер бастаған депутаттар делегациясы Қазақстанға келеді.
«Сапар аясында Еуропа Парламент делегациясын Президенттің мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Артур Ластаевпен және бірқатар мемлекеттік органның басшыларымен кездесуі жоспарланған», – деді Смадияров.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақпен, оған мүше елдер арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің іске асырылуы барысына қатысты пікір алмасады.
«Аталған құжат визалық режимді жеңілдетуді, Қазақстанды санкция салдарынан қорғауды, орта дәлізді және көліктік өзара байланысты дамытуды, аса маңызды шикізат материалдарын саласындағы ынтымақтастықты, климаттың өзгеруін және жасыл энергетиканы қоса салғанда өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды», – деп сөзін түйіндеді министрліктің ресми өкілі.