Қырғыз тарапы түсініктеме берді: Қазақстанға су көлемі шектеулі екені ескертілген

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 24.kg. Қырғыз тарапының мәліметінше, Қазақстан өзіне тиесілі үлесті пайдаланып тастаған. Яғни, үнемдемеген. Ал қырғыз тарапы кесте бойынша үнемдеп, су тапшылығын болдырмаған.

«Қазақстан Республикасымен суды бөлісу жыл сайын вегетациялық кезең басталғанға дейін әзірленетін және Шу-Талас су комиссиясының тең төрағаларымен қол қойылған суды алу кестелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бірақ 2023 жылы бұл кестелер маусым айында ғана келісіліп, су көздеріндегі судың аздығына байланысты ағымдағы жағдайды ескере отырып бекітілді», делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша 2023 жылғы 17-19 шілдесінде Бішкек қаласында Шу және Талас өзендері бойындағы суды бөлу мәселелерін шешу үшін Қырғызстан мен Қазақстан өкілдерінің кездесуі өткен. Қазақстан тарапы Жамбыл облысындағы су пайдаланушыларды суарумен қамтамасыз ету бойынша Талас өзені бассейніндегі күрделі жағдай туралы баяндап, ағымдағы жылдың 18 шілдесі мен 31 шілдесі аралығында Киров су қоймасынан су жіберуді секундына 45,0 текше метрге дейін арттыруды сұраған.

Ал қол қойылған кестеге сәйкес Қазақстан тарапы секундына 40,0 текше метр су алуы тиіс болған.

Қырғыз тарапы сумен қамтамасыз етудің күрделілігіне байланысты арнайы штаб құрып, су тұтынушыларды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін су айналымының кестелерін әзірлеген. Сонымен бірге Шу және Талас облыстарындағы суаруға қатысты күрделі жағдай туындағанын Қазақстан тарапын да хабардар етіп, секундына 45,0 текше метрден су жіберілер болса, ағымдағы жылдың 1 тамызындаа Қазақстанның үлесі бар болғаны 3,54 миллион текше метрді ғана құрайтынын, ал секундына 10,0 текше метр жіберілген жағдайда 2023 жылдың 4 тамызына дейін таусылатынын ескерткен.

«Берілген есептеулер мен дәлелдерге қарамастан, Қазақстан тарапы өз өтінішінен бас тартқан жоқ. Бұл ретте қырғыз шаруалары суару суына аса мұқтаж болғанымен, қырғыз тарапы су айналымының кестесін енгізу арқылы суды алу шегін сақтап қалды. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін Талас алқабындағы су көздерінде су деңгейі төмен болып отыр», деп хабарлады Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Кездесу нәтижесінде тамыз айының екінші онкүндігінен бастап қазақстандық тарапқа су берілмейтін хаттамаға қол қойылды. Сонымен бірге, Киров су қоймасына құйылатын ағын ұлғайған жағдайда Қазақстан Республикасынан су жинау қарастырылатыны келісілді.

«Өкінішке орай, бүгінгі күні су қоймасына құйылатын су көлемі секундына небәрі 1,0 текше метрді құрап отыр, ағынның ұлғаюы байқалмайды, 2022 жылы су шығыны секундына 13,7 текше метрді құрады. Айта кету керек, Қазақстанның «Талас» арнасынан мемлекеттік шекара бойындағы коллекторлық-дренаждық желі арқылы секундына 5-8 текше метрге дейінгі суды қабылдау мүмкіндігі бар», деп толықтырды министрлік.

Еске сала кетсек, Қазақстан тарапы Киров су қоймасынан келісілген мөлшерде су берілмегенін мәлімдеген болатын. Талас өзенінің былтырғы жылдың тамыз айындағы кестелік көрсеткіш бойынша Қазақстанның қажеттілігі 45 м3 / сек құрайтын, іс жүзінде су берілмеген – 0 м3/сек. Қазіргі уақытта Қырғызстанның Талас БУВХ қызметімен «Жамбыл ГРЭС» АҚ жұмысын қолдау үшін су қоймасынан кемінде 5 м3/сек су беру туралы келіссөздер жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыз