Таяуда ғана Bloomberg басылымы Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қорын 55 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырғанын жазды. Олардың мәлімдеуінше, еліміздің орталық банкі портфелдегі бағалы металл үлесін 34,5 млрд доллар көлеміндегі резервтің жартысына дейін қысқартуға мүдделі.
Осы мақсатта ҰБ биыл шетелге 67 тонна алтын сатқан. Маусым айындағы көрсеткіш бойынша, қазір портфелдегі алтын үлесі 56 пайыз болып тұр. Қазір 314 тонна болып тұрған алтын көлемі жыл соңына таман 300 тонна деңгейіне төмендеуі мүмкін. ҰБ басшылығының пікірінше, былтыр сыртқы нарықтағы алтын сатылымын 120 тоннаға дейін жеткізудің арқасында резервтерді әртараптандыру мүмкін болды және ол 7 млрд доллар көлемінде табыс алып келген. Бұл өз кезегінде «сыртқы нарықтардағы жоғары өтімді құралдарға инвестицияланған резервтердің валюталық бөлігін толықтыруға» мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, ҰБ металлды «шетелдік шоттарда бөлінбеген түрде сақтайды және оны пайыздық алтын депозиттеріне орналастырады».
Жақында ғана ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн долларға төмендеп, 34,2 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Маманның айтуынша, бір айдың ішінде алтын бағасы 1 унция үшін 1904 доллардан 1956 долларға дейін немесе 2,7 пайызға өскен. Бұл ретте жекелеген кезеңдерде бағалы металдың белгіленген бағасының ең жоғары шегі бір унция үшін 1982 долларға жеткен.
«Шілденің бірінші жартысында алтын нарығының өсуі АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты болған. Шілденің екінші жартысында АҚШ-тың ФРЖ отырысына жақын күндері пайыздық мөлшерлемені көтеру бойынша сараптамалық күтулер нығайып, алтынның бағасы жоспарлы түрде төмендеді. Алтынның белгіленген бағасы өскеніне қарамастан, айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн долларға төмендеп, 34,2 млрд долларға жетті. Бұл Ұлттық Банктің валюталық шоттардындағы қалдықтың төмендеуіне, сонымен қатар мемлекеттік борышты төлеуге байланысты», дейді Әлия Молдабекова.
Жыл басында ҰБ алтын-валюта резервіндегі алтын үлесінің азаюына қарамастан Ұлттық банктің алтын алуға деген басым құқығын жүзеге асыруы аясында бағалы металл портфелі толықтырылып отыратынын айтқан еді.
Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, ҰБ-дағы алтын қоры шын мәнінде тым көбейіп кетті.
«Елде біртіндеп алтын көбірек өндіріле бастады. Ұлттық банк бағалы металды үлкен көлемде жинап алды, ал алтын валюта резервіндегі алтынның үлесі белгілі бір кезеңде 70 пайызға жетті. Бұл әрине, көп. Сөйтіп алтын валюта қоры жәймендеп алтын резервіне айналды. Бірақ ең сорақысы – осы саясаттың теңгеге әсері болды. Расында, алтынды ішкі нарықта теңгеге сатып алу инфляцияны нығайтатын «күшке» айналды. ҰБ бірде бір доллар жұмсамай ақ көп алтын сатып алды. Бір тұрғыдан жақсы көрінеді. Бірақ сонымен бірге ақша-несие жағдайының тағы бір жағымсыз көрінісі осы алтынның экспортқа «сатылмауының» салдары болды. Айтарлықтай валюталық кіріс экономикаға түспей жатыр», дейді сарапшы.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың бұл мәселеге қатысты пікірі мынадай:
«Алтын өздігінен көбеймейді, ешқандай пайыз, дивиденд алып келмейді, сондықтан резервтегі қаражат пайыз алып келуі үшін, Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеу үшін алтынды долларға айырбастау туралы шешім қабылданды және ол доллар бағалы қағаздарға салынып, бізге табыс әкеле бастайтын болады. Басқарудың классикалық үлгісі тұрғысынан қарасақ та солай, алтын жәй ғана жатады, ары кеткенде бағасы қымбаттайды, ал доллар мен еуро бағалы қағаздарға салынатындықтан, олар молырақ кіріс әкеледі. Сол себепті, бұл жерде алтын сатудың ешқандай құпиясы жоқ, бұл – жәй ғана басқарудың жаңа концепциясы. Бұл жерде демек, бір ғана сұрақ туындайды: алтын күрт қымбаттап кетіп, көп табыс әкеле ме, әлде долллар немесе еуродағы бағалы қағаздардың кірістілігі жоғары бола ма? Жалпы, әлемде тәуекелі мүлде жоқ активтерді басқару стратегиясы болмайды. Сондықтан қазіргі шешімнің дұрыс-бұрыстығын білу үшін кемі бір жылдық жұмыс кезең өтуі тиіс», дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, дәл қазір Қазақстанға аса қажет болып тұрғаны алтын емес, қажет болып тұрған ресурс – экономикаға инвестиция болып салынатын қаражат көзі.
«Былай қарағанда бізде ақша көп деп айтылады. Бірақ оның бәрі белгілі бір мақсаттарға бөлініп қойған. Ал еркін ақша деген өте аз», дейді ол.
Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн долларға төмендеген.