Жаңалықтар

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру шарты күшейтілді, енді сынақ барысы видеоға түсіріледі

Фото: shutterstock

Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қииыл агенттігінің хабарлауынша, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережесі қатаңдайды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі күшейтілген.

«Онда емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін бейнетіркеу енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді. Пилоттық режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды, делінген ақпаратта.

Агенттіктің мәліметінше, Антикор ІІМ-мен бірлесіп арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізген. Бірнеше жыл бойы көлік құралдарын заңсыз ресімдеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істер осындай тексеруге жүргізуге түрткі болды.

Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген мониторинг автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін берудегі заңсыздықтар анықталды.

«Ақпараттық жүйелердің осалдығы, процестерді жеткіліксіз цифрландыруы, автокөлікті тіркеу рәсімінің жетілдірілмегендігі, емтихандарды қабылдау рәсімінің құқықтық олқылықтары, автомектептерде атүсті оқыту – осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал етті», делінген хабарламада.

Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдады. Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалды.

Жүйеде автомобильдердің деректерін, міндетті төлемдер мен алымдарды, айыппұлдарды автоматты цифрлық салыстыру тетіктері көзделген, кез келген түзетулер үшін мүмкіндіктер алынып тасталды.

Агенттік дерегінше, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар әлі де болуы мүмкін. Сондықтан, оларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу ұсынылған заң жобасы Парламент қарауында жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тұрғындардан «Көмекшілердің» заңсыз қызметтеріне жүгінбеуді сұрап отыр.

«Егер сіз осындай фактілерге тап болсаңыз, онда Антикорға 1424 қысқа нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз. Арнайы ХҚКО қызметіндегі сыбайлас жемқорлық факторларын жою Антикоррупциялық қызметтің бақылауында, делінген хабарламада.