Жаңалықтар

Журналист Жетісу облыстық прокурорынан көмек сұрады

сми
Фото: Facebook-тағы парақшасынан

Журналист Сандуғаш Дүйсенова Жетісу облыстық прокурорынан көмек сұрады. Видеоүндеуде ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алатынын айтқан.

«Мен Жетісу облысының прокуроры Мадияр Бекенұлынан көмек сұрағым келеді. Жетісу облысының полиция қызметкерлері менің конституциялық құқығымды бұзды, менде көптеген дәлелдер бар, сондықтан бүгін қабылдауыңызды сұраймын», деген журналист.

11 тамыз күні кешке қарай Дүйсенованы полиция қызметкерлері ұстап алып, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Оны ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес, «Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» деген айыппен қамауға алған. Ал 12 тамыз күні таңертең Дүйсенова кепілмен босатылып шығады. Журналистің қылмыстық қудаланып жатқанын Жетісу облыстық полиция департаменті де растайды. Полиция журналисті біреудің жеке деректерін жариялап жіберді деп қудалауда. Атап айтқанда, 1-2 жыл бұрын Сандуғаш Дүйсенова бір адамның өліміне сонымен бірге 2 жастағы баланың жарақаттануына кінәлі қылмыскердің ЖСН нөмірін жариялаған.

Журналистің айтуынша, аталмыш қылмыскердің ЖСН нөмірі бұдан басқа да ашық дереккөздерінде таралып кеткен және көптеген материалдарда жарияланған.

«Бұл – ол адамның ЖСН-і ғаламторға таралып кетуіне менің себепкер болмағанымды көрсетеді. Әсіресе, маған қарсы іс қозғаған полиция қызметкерлеріне ешқандай пайдакүнемдік мақсатты көздемегенімді айтқым келеді. Тек сол кезде аса ауыр қылмыс жасаған ол – бір адамды өлтіріп, екі жасар баланы жаралаған болатын. Мен бұл адамның деректерін жариялағанда тергеуге көмектескім келді. Бұл менің кінәм емес», деді Дүйсенова.

Кейін Жетісу облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі осы жағдайға байланысты ақпарат таратты. 13 тамызда полицейлердің Дүйсенованы изоляторда жалаңаш күйінде видеоға түсіргені белгілі болды. Кейін бұл оқиғаны журналистің өзі де растады. Ал Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі заңды негізде және сот санкциясымен журналистің жалаңаш тексерілгенін және оны видеоға түсіру міндетті процесс екенін хабарлаған.

«11 тамызда полиция бөлімінде мені мүлде жалаңаш күйімде видеоға түсірді. Уақытша ұстау изоляторына жапты. «Мен ұры да, алаяқ та, нашақор да емеспін, неге бұлай істедіңдер?» деп сұрағанымда, олар «еркіңді бұзу үшін» деп жауап берді», деп мәлімдеген Сандуғаш Дүйсенова.

Журналистің адвокаты Ильмира Назырова Дүйсенованың заңсыз ұсталғанын айтып, прокуратураға шағым дайындап жатқанын айтқан. .

Ал қазақстандық Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясы бұзылды деп санайды.

Дүйсенова Жетісу мен Алматы облысында өз материалдары арқылы өткір әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген журналист. Сонымен қатар, ол бүкіл әлемге тарап кеткен «Дәуірдің соңы» фотосуретінің авторы. Ол фото суретте Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда қираған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алаңда жатқан ескерткіші бейнеленген. Бұл суреті үшін Дүйсенова «MediaCAMP Award 2022» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған.