2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысын арттыру жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Биыл аталған салаға 133 мың грант бөлінді. Оның 60% техникалық мамандықтарға бағытталды. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға артады», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Стипендия мөлшерін арттыру бойынша қаражат көлемін республикалық бюджет комиссиясы қолдаған.
«410 колледжді кәсіпорындар өз қамқорлығына алып отыр. Айта кетсек, бірқатар өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда оң нәтиже бар. Мәселен, Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білімді дамыту бойынша 2023-2030 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді. 600 колледж педагогы шетелдік тағылымдамадан өтеді. Дуалды оқыту шеңберінде тәлімгерлік институтын дамыту, 1200 орындық екі колледж және жатақхана салу жоспары бар», – дейді ведомство басшысы.