2 мыңнан аса шетелдік көліктің иесі жауапқа тартылды — ІІМ
Қазақстанда 2 мыңнан аса шетелдік көліктің иесі жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев хабарлады.
Оның айтуынша, министрлік 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін шетелдік көліктерді заңдастырылатынын хабарлаған.
«Кім автомобилін заңдастырып үлгермеді? Өтінімді беріңіздер дедік. 1 шілдеге дейін түскен барлық өтінімді әрі қарай қарастырамыз. Бүгін бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Осындай 15 мыңға жуық көлікті уақытша есепке тіркедік, үлгермегендердің (өтіштерін) әлі де қарастырамыз», – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Оның айтуынша, биыл көлікті шетелден әкеліп, оны рәсімдемей, заңды бұзып, автомобиль тізгіндейтін жүргізушілер де бар. Қазір ведомство түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
«Көлікті сақтандыру мерзімі аяқталса, оны басқаруға болмайды. Мұндай жүргізушілерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс шеңберінде 10 АЕК (34 500 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) айыппұл төлейді. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Қазір біз алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. (Қайта заң бұзылса) екінші рет әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыппұл тұрағына қойылады. Қазір көлікті сақтандырусыз, сақтандыру полисінсіз, техникалық байқаусыз басқарған 2 мыңнан аса көлік иесін анықтадық. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1,7 мыңға жуық көлік айыппұл тұрағына қойылды, – деді комитет төрағасы.
Еске сала кетсек, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылдың 23 қаңтарынан бастап елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру жүргізілді.
Ал ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді уақытша тіркеу мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 17 шілдеден басталды. Егер Қазақстан азаматтары осы автокөліктерді елімізде бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оны бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады. Оған утилизациялық алым төленбейді.