Жаңалықтар

Әдеп кодексі: Мемлекеттік қызметкерлер ойынханаларға барудан бас тартуы тиіс

Фото: kursiv.media

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарына жаңа талап енгізілді. Оған сәйкес мемлекеттік қызметшілер ойын мекемелеріне барудан бас тартуы тиіс. Бұл құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

Жарлық жобасымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы» 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153, «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы» 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлықтарына түзетулер енгізу көзделеді.

Түзетулер мемлекеттік билік органының абыройы мен беделіне оның өкілдерінің тарапынан нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге, беделдік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.

«Билік өкілдерінің ойын мекемесіне бару фактілері қоғам тарапынан негізді сын тудырып, беделдік тәуекелдерге алып келеді. Оларға жоғары талаптар қойылады, олар азаматтардың алдында мемлекеттік биліктің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге тиіс. Осыған байланысты, қызметтік әдеп нормаларының талаптарын сақтау аясында  әскери қызметшілерді  ойын мекемелеріне барудан тартынуға ынталандыруға бағытталған  ұсынымдық сипаттағы нормаларды осы түзетулермен енгізу ұсынылады», делінген құжатқа берілген түсіндірме ақпаратта.

Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:

  • іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау;
  • азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;
  • оның ішінде қызметтік қажеттілікке байланысты баруды қоспағанда, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемесіне барудан тартыну.

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Өткен жылы Бас прокуратура ойынханаларға 507 миллион теңге салған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтады. Ол тізімде Ішкі істер, Білім, Қаржы министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігінің, Антикордың және тағы да басқа орган қызметкерлері бар болып шықты.

Құмар ойынға әуестенген Қаржы министрлігінің 24 қызметкерінің үшеуі қатаң сөгіс алған. Ал үшеуі тағайындау мерзімінің өтуіне байланысты жаза алмаған. Тағы 7-уі ойынханада ұсталмай тұрып жұмыстан босатылған, қалған 9-ы казинода болған, бірақ құмар ойындарға қатыспаған, тағы 2 адам ол кезде министрлікте жұмыс істемеген болып шықты.