Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл жайлы Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша, өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша Қылмыстық іс қозғалған болатын.
«2023 жылғы 14 тамызда Дүйсенова қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесіне қатысты бойынша Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың жеке қабылдауында болды. Оның дәлелдерін ескере отырып, прокуратура зерттеу үшін қылмыстық істі сұратып алды. Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылық бұқаралық ақпарат құралдарында дербес деректерді заңсыз тарату нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген жағдайда туындайды. Алайда, тергеу органы заңнамада көзделген тергеу мерзімінде жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті нақты деректерді анықтаған жоқ», делінген баспасөз хабарламасында.
Осыған байланысты, Талдықорған қаласы прокурорының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
«Егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу үшін жауапкершілік көзделген. Сондықтан материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес оларды қарау үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға жолданды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 11 тамыз күні кешке қарай Дүйсенованы полиция қызметкерлері ұстап алып, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Ал 12 тамыз күні таңертең Дүйсенова кепілмен босатылып шығады. Артынша журналистің қылмыстық қудаланып жатқанын Жетісу облыстық полиция департаменті де растайды. Онда журналистің біреудің жеке деректерін жариялап жіберді деп қудаланып жатқаны туралы айтылады. Атап айтқанда, 1-2 жыл бұрын Сандуғаш Дүйсенова бір адамның өліміне сонымен бірге 2 жастағы баланың жарақаттануына кінәлі қылмыскердің ЖСН нөмірін жариялаған. Полиция мәліметінше қудалауға сол ЖСН нөмірі иесінің арызы себеп болған.
Ал журналистің айтуынша, аталмыш қылмыскердің ЖСН нөмірі бұдан басқа да ашық дереккөздерінде таралып кеткен және көптеген материалдарда жарияланған.
«Бұл – ол адамның ЖСН-і ғаламторға таралып кетуіне менің себепкер болмағанымды көрсетеді. Әсіресе, маған қарсы іс қозғаған полиция қызметкерлеріне ешқандай пайдакүнемдік мақсатты көздемегенімді айтқым келеді. Тек сол кезде аса ауыр қылмыс жасаған ол – бір адамды өлтіріп, екі жасар баланы жаралаған болатын. Мен бұл адамның деректерін жариялағанда тергеуге көмектескім келді. Бұл менің кінәм емес», деді Дүйсенова.
Осыған байланысты 14 тамыз күні журналист Жетісу облыстық прокурорынан көмек сұрап, видеоүндеу жариялады.
«Мен Жетісу облысының прокуроры Мадияр Бекенұлынан көмек сұрағым келеді. Жетісу облысының полиция қызметкерлері менің конституциялық құқығымды бұзды, менде көптеген дәлелдер бар, сондықтан бүгін қабылдауыңызды сұраймын», деген болатын журналист.