Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты өтемақы кімге беріледі?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

​Алматы қалалық мәслихаты коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшерін белгіледі, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

​Қағида Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке тарифтердің өсуіне байланысты әзірленген.

​»Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын 315 430 азамат тұрады, оның ішінде: жасы бойынша 237 740 зейнеткер, 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы, мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы, ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам бар», делінген баспасөз хабарламасында.

​Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы ХӘОТ өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома сумен жабдықтау, су бұру, газ, жылыту және т.б. қосқанда, 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі.

​ХӘОТ санатына жататын тұлғаларға өтемақы ресімдеу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне немесе әлеуметтік қызметтер үйіне өтініш беруі қажет. ​Ал мүгедектігі бар адамдар бұл өтінішті «Е-gov» электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

​Өтініш қаралып, оң шешім қабылданған соң, төлемдер өтініш берушілердің екінші деңгейлі банктердегі шотына түседі.

Сондай-ақ оқыңыз