Маңғыстау облысында электр энергиясының шектелуі өндірілетін мұнай көлеміне әсер етті – Энергетика министрлігі

Жарияланды

Батыста электр энергиясының шектелуіне байланысты мұнай өндіру көлемі азайды. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Энергия көздеріндегі үзілістерге байланысты Маңғыстау облысында мұнай өндіру көлемі төмендеді. Бұл кезегінде жыл соңына дейін өндірілетін мұнай көлеміне әсер етеді. 2023 жылға мұнай өндіру болжамы 7 айдағы жоспар бойынша 90,5 млн тонна болуы тиіс болған. Қазіргі таңда бұл уақытта өндірілген мұнай көлемі 99,4% құрайды», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметі сонымен бірге Қазақстан ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі ниетін жүзеге асыратынын ескерткен.

«Министрлік Маңғыстау облысындағы энергия көздеріндегі үзілістердің әсеріне байланысты өндіріске одан әрі мониторингті жалғастырады. Осыған байланысты мұнай өндіру болжамы түзетілуі мүмкін», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 12 тамыз күні «KEGOC» АҚ 11 тамызда Астана уақытымен сағат 14:20-да Маңғыстау облысындағы ЖЭО-2-де екі турбоагрегат сөндірілгенін  мәлімдеді.  Салдарынан МАЭК ЖЭО-дағы 3-блок өшірілді. Бұл Атырау энергетикалық орталығында электр энергиясын тұтынуды 55 МВт-қа және Маңғыстау энерготорлығында 35 МВт-қа шектеуге алып келді. 

Осыған байланысты өңірде облыс басшылығының төрағалығымен жедел штаб ашылып, оның құрамында уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірген. 13-14 тамызға қараған түні жедел штаб жұмысы барысында бірінші санаттағы әлеуметтік және денсаулық сақтау объектілерін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі қаралған.

Өңірдің елді мекендерін электр энергиясымен пропорционалды қамтамасыз ету үшін уақытша ажыратуды «тиімді» тәсілмен қолдану туралы шешім қабылданды. Аймақтарға сәйкес, тұтынылатын энергия көлемін шектеу мақсатында тұтынушыларды 3-тен 5 сағатқа дейінгі электр желісінен циклдік ажырату жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз