Қара теңіз аймағындағы шиеленіс күшейгеніне қарамастан бидай бағасы арзандауда

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Қара теңіз аймағындағы шиеленістің күшеюіне қарамастан, биржадағы саудада бидай бағасы арзандай бастады, деп жазады Bloomberg.

Бұған статистика дәлел. Мәселен, Чикагодағы бидай фьючерстерінің құны шамамен 0,45%-ға төмендеп, бір бушель үшін 6,13 долларды құрады. 14 тамызда да баға 1,9%-ға төмендеген еді. Сарапшылар бұған Қара теңіздегі жағдайлар ықпал еткенін айтуда.
Еске сала кетсек, 13 тамыз күні таңертең Ресей әскерилері Қара теңізде Измаил портына бара жатқан жүк кемесін тоқтату үшін ескерту оқ жаудырған. Бұл туралы РФ Қорғаныс министрлігі хабарлады.


«13 тамыз күні таңертең Қара теңіз флотының «Василий Быков» патрульдік кемесі Палау туы астында Украинаның Измаил портына бет алған «Сукра Окан» жүк кемесін байқады. Жүк кемесінің капитаны оны тексеру үшін тоқтату талабына жауап бермегендіктен ресейлік кеме ескерту оқ жаудырдыы. Осыдан кейін кеме тоқтап, оған Ка-29 тікұшағымен бір топ ресейлік әскерилер келіп, тексеру жүргізген. Кейін кеме Измаил портына қарай жолға шықты», – деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.


Rabobank сарапшылары Ресей мен Украина арасындағы әскери шиеленіске қарамастан қос тарапта астық экспорты жалғасып жатқанын хабарлады.

Бұған дейін АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі тамыз айына шолуын жариялаған болатын. Ведомство дерегінше, биылғы ауылшаруашылық жылында (2023 жылдың шілдесі – 2024 жылдың маусымы) Ресейден бидай экспортының көлемі ұлғаяды.Жаңа болжам 48 миллион тоннаны құрайды, бұл шілде айындағы болжамнан 0,5 миллион тоннаға артық. Шілдеде маусыммен салыстырғанда бағалау 1 млн тоннаға артып, 47,5 млн тоннаға жетті. Осылайша, Ресей әлемдік нарыққа бидайдың төрттен бір бөлігін дерлік жеткізеді.

Бұл ретте көрші елдің бидай жинау бойынша болжам өзгерген жоқ. Оның көлемі 85 млн тоннаны құрады. Алайда ауыспалы қорларды бағалау шілдедегі 12,44 млн тоннадан 11,44 млн тоннаға дейін қысқарды.

РФ-ға бәсекелес – ЕО-ның бидай экспорты бойынша болжамы 38,5 млн тонна деңгейінде қалды.

Тамыз айындағы есепте жем-шөптік дақылдар экспортының болжамы өзгерген жоқ – 8,91 млн тонна. Бұл ретте оларды жинаудың болжамы бір ай бұрынғы 42,25 миллион тоннадан 39,4 миллион тоннаға дейін қысқарды.

Жүгері жинау болжамы да бір ай бұрынғы 16,3 миллион тоннадан 14,6 миллион тоннаға дейін төмендеді. Оның экспорты бойынша бағалау өзгерген жоқ – 4,2 млн тонна.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі өз болжамдарында Қырым мен жаңа аумақтар туралы деректерді есепке алмаған.

Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа аумақтарды ескере отырып, биыл 123 миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр, оның ішінде 78 миллион тонна бидай.
Бұл ретте есепте Украинадағы бидай өндірісі бұрынғы есептегі көрсеткіштен 3,5 миллион тоннаға артық, яғни 21 миллион тонна болады деп көрсетілген. Сондай-ақ, Украинада жүгері өндіру болжамы 2,5 миллион тоннаға ұлғайтылды.

Сондай-ақ оқыңыз