Қазақстан Ресей газын тасымалдап, қосымша табыс таба алады – Энергетика министрі
2023 жылы Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға жіберіп, табыс таба алады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Біз транзиттен табыс табу арқылы газ құбыры жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік аламыз. QazaqGaz ұлттық компаниясы үшін газды ішкі нарыққа жеткізу шығын болады. Сондықтан транзиттен түсетін қосымша табыс QazaqGaz-ға азайтады әрі жөндеу бағдарламасын, инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін тұрақты табысты қамтамасыз етеді», – деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін.
Қазір Ресей мен Өзбекстан тарапымен келіссөз жүргізіліп жатыр.
«Қазір біз 1,5-тен 10 млрд дейін текше метр газдың транзиті бойынша индикативті түрде ақылдасып жатырмыз. Сондай-ақ өзбек энергожүйесінің дайындығына және «Газпром» ЖАҚ қажет болса, газ көлемін арттыра алады. Газ құбырын жаңартуға қосымша шығын қажет болатыны түсінікті. Алайда QazaqGaz ұлттық компаниясы бұл бағытта жоспарлы жұмыс жүргізеді», – деді министр.
Ведомство басшысы газ транзитінен қанша табыс түсетінін нақты айта алмайтынын жеткізді.
«Ресей газының транзитінен түсетін соманы айта алмаймын.
Бұл транзит көлеміне байланысты болады. Индикативті теңгерім анықталғаннан кейін біз QazaqGaz қанша көлем газ жібере алатынын және қанша табыс алатынын білеміз. Бірақ биыл кіріс түседі», – деді Сәтқалиев.
20 шілде күні «QazaqGaz» ҰК» АҚ Өзбекстанға Ресей газының транзиті 2023 жылдың қазан айынан басталатынын мәлімдеген болатын.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қатысумен 14-17 маусым аралығында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды.
Газ құбырлары арқылы Өзбекстан Ресейден жылына 2,8 млрд текше метр газ сатып алуға келісті.