Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 4,8%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттын банктің төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты.
Оның сөзінше, PMI жаһандық композиттік индексі шілдеде 51,7 мәнін көрсетті. Өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсімі баяулағанда қызмет секторы есебінен оң іскерлік белсенділік сақталды.
«Қазақстанда іскерлік белсенділік те оң аймақта қалып, қызметтер мен өндіріс секторлары есебінен индекс 50,7 деңгейінде қалыптасты. Бизнес-климат индексін білдіретін бизнестің қазіргі және келешек жағдайын бағалау 16,0 мәніне дейін өсті», – деді төрағасының орынбасары Үкімет отырысында.
Биыл шілдеде Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсу болжамын 3,0%-ға дейін арттырды, оған Қытай мен Үндістан айтарлықтай үлес қосады.
«Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты Халықаралық валюта қорының болжамы 4,3%-дан 4,8%-ға дейін көтерілді», – деді Виталий Тутушкин.