Жаңалықтар

Қазақстаннан жылына 20 млрд доллар шетелге кетіп жатыр – сарапшы

Фото: Автордан

Үкімет пен Ұлттық банк төлем балансындағы 4 жыртықты жамай алмай отыр. Соның салдарынан еліміз жыл сайын тек табыстар тепе-теңдігінде 20 млрд долларға ұтылып жатыр.

Бұл туралы Алматыда өткен Sana Business Forum жиынында Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, экономикаға, оның ішінде шағын және орта бизнеске мемлекет өте көп араласып отыр.

«Yellou page rules» шарты бойынша,  шағын және орта бизнеске Үкімет араласпау керек. Үкімет осыны әдейі айтпай келе жатыр. Бәздің 2 жыл бұрын жүргізген зерттеулеріміз бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 321 секцияда араласып жұмыс істеді.  Жекешелендіріп жатырмыз, басқа дейді, бірақ Үкімет осы 321 сектордан кетпей отыр», деді экономист.

Айтуынша, «Yellou page rules» принциптерін енгізу туралы Үкіметтің бағдарламасы жоқ. Ол бағдарлама болмай ештеңе болмайды. Сонымен қатар, сарапшының айтуынша Жалпы ішкі өнімді тұншықтырып отырған 14 блок бар. Үкімет сол мәселені шеше алмай отыр.

«Үкімет пен Ұлттық банктің қолынан экономикалық  саясатта төлем балансының 4 жыртығын жамау келмей отыр. Табыстар тепе теңдігі – жылына 20 млрд доллар шетелге кетіп жатыр, мемлекет ұтылып жатыр. Қызмет көрсету балансынан шамамен  5-7 млрд доллар тағы ұтылып жатыр. Үшінші ағымдағы есеп-шотта тапшылық, өткен жылы ол біршама жақсарып еді. Биыл қайта тапшылық пайда болды. Қалып қойған қателер 3-7 млрд доллар соңғы он жылда ұтылып жатыр», деді Қайырбек Арыстанбеков.

Сарапшының пікірінше, осы төлем балансындағы төрт жыртықты жамайтын жаңа экономикалық саясат қажет.

Сонымен қатар, Қайырбек Арыстанбеков кейбір жеке кәсіпорындар мемлекет меншігіне шығынмен өтіп, Ұлттық қор мен бюджетке салмақ салып отыр. Бұл өз кезегінде «Қазақ экономикалық ауыруын» тудырып отыр. Айтуынша, бұл үрдіс 2013-2015 жж пайда болған.

«Бұл – «шығыны мол компанияларды мемлекетке алу да, табысы мол компанияларды жекеге жіберу». Біздің зертеулеріміз бойынша 2013-2014-2015 жж 4 кәсіпорын мемлекетке берілген. Осы төрт кәсіпорынды мемлекет меншігіне беру үшін Ұлттық қор мен бюджеттен 550 млрд бөлінген. Олардың шығыны көп. Бір кәсіпорынның шығыны 30 млрд болған. Екі жылдан кейін сол кәсіпорындар «жекешелендіру жоспарына кіріп кеткен». Осылайша жаңағы кәсіпорындардың қарызы мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор есебінен жабылды да, олар қайтадаған жекешелендіруге шығарылды», деді экономист

.Сонымен қатар, Ресей тарапы ДСҰ-ның талаптарына қарсы әрекет ететінін туралы да айтты.

«5-6 жыл бұрын жүргізілген зерттеу барысында анықтағанымыздай, Ресейден Қазақстанға әкелінетін тауарлар, Ресейдің өзінен гөрі біздің елімізде арзан болып шықты. Бұл нені білдіреді. «Тиым салынған субсидия» деген бар. Ресей соны қолданады. Екіншіден демпинг. Ресей демпинг пайдаланады. Бұлардың барлығы Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына қарсы келеді. Біз соны әшкерелеп, қарсы тұруымыз керек», деді Қайырбек Арыстанбеков.

Еске сала кетейік, Алматыда тұңғыш рет тек мемлекеттік тілде Sana Business Forum ұйымдастырылды. Оның мақсаты – үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орната отырып, ел экономикасының даму мәселелері, сын-қатерлері және мүмкіндіктерін талқылау.

Бизнес форумға 50-ден аса сарапшы мен қонақ шақырылған, жалпы қатысушылар саны 300-ден асқан.