Шымкент лагерінде медициналық сертификаты мен біліктілігі жоқ маман жұмыс істеген
Шымкент қаласының прокуратурасы балалардың сауықтыру лагерлерінің қызметінен балалардың өмірі мен денсаулығына кері әсер ететін бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. 2023 жылы бұл лагерьге 478 баланы орналастырылған.
Сонымен бірге 220 бала орналастыруы тиіс «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Нәтижесінде бір баланың ұйықтайтын орны 4 шаршы метрдің орнына 2,8 шаршы метрге дейін қысқарған.
Лагерьлерден бұдан басқа кемшіліктер анықталған.
«Лагерьлердің көптеген қызметкерлері еңбек шартынсыз жұмыс істеген, медициналық қызметті біліктілігі жоқ және медбике маманының сертификаты жоқ адам көрсеткен. Медициналық кабинеттердің өзі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, міндетті медициналық препараттар мен жабдықтар жоқ», делінген баспасөз хабарламасында.
Тексеру іс-шаралары жалғасуда, нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Еске сала кетсек, 17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді. Мемлекет бюджетінен бұл лагерьдің қызметіне 107 812 500 теңге бөлінгені анықталды.
Бұл оқиғадан кейін Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал 20 шілде күні Бас прокуратура еліміздің барлық балалар лагерін тексеруді тапсырды. Сонымен бірге 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері де зерттеледі.