2024 жылы Алматы халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 14 млн адамды құрайтын болады

Жарияланды
аэропорт алматы
Фото: Офелия Жакаева

Алматы әкімі Ерболат Досаев пен TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптан Алматы халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылыс барысын талқылады, деп хабарлайды Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Серкан Каптан қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 65%-ға біткенін мәлімдеді.

«Құрылыс қарқыны жеделдеп отыр. Қолданыстағы терминалдың эстакадасы биыл 1 қыркүйекке дейін ашылады. Нысанды пайдалануға беру белгіленген мерзімнен бұрын – 2024 жылы жаз айының басына жоспарланып отыр», деді ол.

Ал қала басшысы Алматы әуежайында қызмет көрсету сапасына тоқталды. Ол алматылықтар мен қала қонақтары бірнеше сағаттық кезек күтетінін, жүкті де ұзақ уақыт бойы күтіп қалатынын, көлік тұрағының жетіспеушілігін және тиісті шара қабылдауды талап ететін өзге де ыңғайсыз жағдайлар туралы айтты.

Серкан Каптанның айтуынша, жазғы каникул мен демалыс кезінде рейстердің көбеюіне байланысты қосымша кезек пен кептелістің болуы орынды. Десе де, әуежай әкімшілігі қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтты. Атап айтқанда, жүк желілері жаңартылған, жаңа кондиция жүйелері орнатылып, жайлы автобустар сатып алынған.

Жоспарға сәйкес жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 53,500 м2 құрамақ. Ол пайдалануға берілген соң Алматы әуежайының өткізу қабілеті жылына 14 млн адамға дейін артады, бұл әуе айлағының жұмысын ретке келтіруге мүмкіндік бермек. .

Жалпы, Алматы халықаралық әуежайы жылына 2,7 млн адамға есептелген өткізу қабілетімен 7,2 млн жолаушыны қабылдаған. Ал биыл жолаушылар саны 9 млн адамға дейін өседі деп болжануда.  

Жаңа жолаушылар терминалы ашылған кезде әуежай әкімшілігі ескісін жаңартуды көздеп отыр. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз