6 айда шекарада 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді – ҰҚК
Биыл қаңтар-маусымда Қазақстан шекарасында 940 келіден аса есірткі тәркіленді. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті басшысының бірінші орынбасары, полковник Ғани Ағаділев хабарлады.
Оның айтуынша, ҰҚК есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Биыл Қазақстан шекарасында 940 келіден аса ауыр есірткі тәркіленді: героин, «каннабис шайыры», «Ауған шары» және тағы басқа. Мысалы, Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекарасындағы өткізу пунктерінен аса ірі көлемде есірткі анықталды. Есірткі контрабандасының барлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Ғани Ағаділев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Басқарма басшысы былтырмен салыстырғанда есірткі тасымалдау дерегінің артқанын атап өтті.
«Есірткі көбінесе оңтүстіктен тасымалданады. 230-дан аса адам ұсталды. Олардың басым бөлігі – есірткі тәуелді адамдар. Олар есірткінің шағын партиясын тасымалдауға тырысқан. Ірі көлемде есірткі тасымалдаудың 3 дерегі – Түркістан облысы Өзбекстанмен шектесетін өткізу пунктінде, Жамбыл облысы Қырғызстанмен шектесетін өткізу бекетінде тіркелді. Оның ішінде 800 келіден аса есірткі Қазақстанға жеткізілуі керек болған. Қалған бөлігі еліміз арқылы басқа мемлекеттерге жеткізу көзделген», – деді Ағаділев.