«Аюлар» Қазақстанда. Тимур Турлов Hindenburg Research компаниясының шабуылына жауап берді

Жарияланды
Тимур Турловпен сұхбат / Фото: Валерий Аяпов

Кеше, 15 тамызда қазақстандық компанияға шабуыл жасалды: Hindenburg Research компаниясы негізін қазақстандық активтер – «Фридом Финанс» брокері мен Фридом Финанс Банк Қазақстан қалайтын, Nasdaq тізіміндегі Freedom Holding Corp. туралы материал жариялады.

Жалпы Hindenburg Research, бағалы қағаздардың нарықтық бағасының құлдырауынан пайда көретін «аю нарығының» өкілі екенін жасырған емес. Бұған дейін бұл құрылым Nasdaq-тың басқа мүшелеріне де шабуыл жасап, одан түрлі деңгейде табысқа жеткен еді. Олардың ішінде Singularity Future Technology, HF Foods, сондай-ақ үнді миллиардері Гаутам Адани мен тіпті Илон Масктың бизнесі де бар. Илон Маскқа Twitter-ді сатып алу мәмілесі кезінде шабуыл жасалған болатын.

Алайда Hindenburg материалы жарық көргеннен кейінгі алғашқы толық сауда күні нарықтардағы жағдай күрт өзгере қоймады. Соған қарағанда компанияның бұл шабуылы соншалықты тиімді болмаған секілді. Өйткені алдымен FRHC акциялары құлдырағанымен, ол қайта көтерілді. Нәтижесінде, осы материалды жазу кезінде FRHC акциялары тек 3,22% жоғалтты.

Freedom Holding корпорациясының бас директоры және негізгі акционері Тимур Турлов «Курсивке» берген эксклюзивті сұхбатында тұрақтылықтың факторлары туралы айтып берді.

Тимур Русланұлы, Hindenburg өзінің материалында «Фридомның» бұрынғы қызметкеріне сілтеме жасай отырып, Ресейдегі активтерді сатқаннан кейін де, сіздің оларды бақылауда ұстайтыныңыз туралы айтқан. Сол рас па?

– Шындық мынада, ресейлік бизнес Максим Повалишинге сатылды, бизнес екіге бөлінді. Содан бері мен де, басқа акционерлер де, FRHC топ-менеджментінің мүшелері де оны бақылай алмаймыз. Ал Hindenburg-тің дереккөзіне келер болсақ, ол адам бізде аз уақыт жұмыс істеген қызметкер. Бұл адамның бізбен одан әрі жұмыс істеуі үшін білімі жеткіліксіз болды. Бірақ оның бойында реніш пен кек жиналып қалған. Ол талай сотта бізден жеңілді. Сол жеңілісін ұмыта алмаса керек.

– Соған қарамастан, сізге Украина билігі санкция салды…

– Расында да, Ресей Федерациясында жұмыс істейтін көптеген қаржы ұйымдарының басшылары сияқты мені Украина билігі санкциялар тізіміне енгізді. Бірақ ол тізімге Мәскеуде орналасқан америкалық банктердің топ-менеджменті де енген. Сол себепті де, біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз және Украина ең кем дегенде бір тұлғаны санкциялар тізімінен шығарса, мен де бұл тізімнен шығамын деп үміттенемін.

Біз ресейлік және украиндық нарықтың екеуін де жоғалттық. Бірақ кейбір клиенттерімізді Қазақстанға көшіруге тырыстық. Бұл туралы ашық айтып та жүрміз. Біз ресейлік клиенттермен жұмыс істейтінімізді жасырмаймыз және ол үшін қысылмаймыз. Өйткені бізде аймақтағы ең күшті санкциялық комплаенс бар. Жасырмаймыз, холдингте бақылау жөнінен жекелеген техникалық кемшіліктер бар. Алдағы уақытта бұл олқылықтарды жоямыз. Алайда, бұл есеп беру бойынша негізгі ақпараттың сенімділігіне еш әсер етпейді. Бірақ оларды реттеу болашақта бақылауды лайықты баптауға, есептемелердің дәлірек және жылдамырақ болуына мүмкіндік береді.

Ал SDN санкцияларына ұшыраған клиенттерге келетін болсақ, біз әрбір нақты жағдайда әрбір істі мұқият қадағалаймыз. Біз мұндай адамдармен кез-келген әрекетті қатаң түрде санкциялық шектеулерге сәйкес жүргізіп отырамыз.

Hindenburg материалында біздің АҚШ санкциясына ұшыраған «Роснефть» басшысы Игорь Сечиннен банк сатып алғанымыз туралы жазады. Бұл оқиға 2015 жылы болған. Содан кейін бұл таза қаржы институты қызметін атқарып келді, шын мәнінде ол бос банк, рұқсаттар жинағы ғана.

Hindenburg атап өткен Альфа-Банк клиенттеріне келетін болсақ, біз санкция ережелеріне сәйкес, санкция салынбаған клиенттерді ғана таңдап алдық. Нақтырақ айтсам, АҚШ қазынашылығы бізден не талап етсе, соны бұлжытпай орындадық.

Жалпы, реттеушілердің бізден не қалайтынын нақты түсіну қажет. Бір айта кетерлігі, ресейлік клиенттерге қатысты әрекеттердің барлығына шектеу қойылмаған. Сондықтан санкциялық режимді және ұсынылған талаптарды егжей-тегжейлі түсініп, біз тұратын аймақтан босқа қорқа берудің қажеті жоқ деп санаймын.

Белиздегі активіңізге қатысты сұрақтар бар – Freedom Securities Trading Inc. (FST Belize): Бүгінгі күні көп шу шығарған мәтінде оның санкцияға ұшыраған адамдармен сауда жасау үшін пайдаланылғаны туралы күдіктер айтылған.

– Біріншіден, FST Belize-де де бүкіл холдингтегідей санкциялар комплаенсі бар. Екіншіден, АҚШ заңы америкалық азаматтармен, компаниялармен, ақшамен (US nexus) байланыс принципін нақты көрсетеді, оған сәйкес санкциялық режим толық көлемде қолданылады. Операцияларда АҚШ өкілдерімен байланыс көрсетілуі керек, ондай жағдайда санкция салуға негіз жоқ. Мысалы, егер америкалық емес компания америкалық бейрезидентке АҚШ валютасынан басқа валютада ақша қайтарса, санкциялар режимі қолданылмауы мүмкін.

Ал «жалған» кірістері туралы не айтасыз? Әңгіме – FST Белиздің дебиторлық берешегі мен кредиторында. Екеуінде бір уақытта 2,5 миллиард доллар көлеміндегі сома көрсетілген.

– Жалпы жалған кірістің болу фактісін талқылаудың өзі біртүрлі. Өйткені біздің аудитор бізде клиенттердің бар-жоғын тексеріп, біз көрсеткен барлық кірістерді анықтау үшін талдау жүргізді. FST Belize 2020 есебінде дебиторлық берешек ретінде көрсетілген, алайда шын мәнінде ол сома жоғарыдағы брокермен шоттың қалдықтары болған. Ол сол кездегі Freedom Europe болған. Холдингтің ең соңғы аудиторлық хронологиялық есебін дайындау шеңберінде белиздік компания шоғырландырылуы керек пе, жоқ па анықтау үшін барлық процедуралар аяқталды. Бұл үшін біз аудиторымызға ақпараттың айтарлықтай көлемін аштық және компанияның жеткілікті оң капиталы және барабар баланс құрылымы бар екенін дәлелдедік.

– FST Belize 2020 жылдан бері есебін қаншалықты жиі жариялап тұрды?

– Бұл компания жыл сайын реттеуші органға есеп беруі керек. Компания қаржылық есептілік жариялауға міндетті емес. Соған қарамастан, FST Belize операцияларының барлығы дерлік холдингтің периметріне кірген. Бұл активтің тақырыбын жалғастыра отырып, Hindenburg-тің «компания клиенттердің активтерін төтенше тәуекелге ұшыратады» деген уәжіне қатысты айтар болсақ, клиенттердің қаражаттары мен бағалы қағаздарын пайдалану тәртібі компанияның ережелерінде анықталған, стандартты және маржа саудасы бойынша қызметтерді ұсынатын Еуропа мен АҚШ-тың кез-келген брокерлерінің тәжірибесіне сәйкес келеді.

– FST Belize есебіне қатысты сауалдар тергеушілер арасында холдинг есептерінің үйлесімділігіне қатысты күдік тудырғаны рас па?

– Мұқият тексерістің нәтижесі бойынша, бізге «есеп беруді қандай да бір жолмен бұрмалады» деген айып тағылмады. Біз бірқатар формаларды қайта басып шығардық, енгізілген өзгерістер, ең алдымен кейбір баптардың классификациясына қатысты болды. Ал нақты қаржылық нәтиже өзгерген жоқ.

Бұл – холдингтің өз бағалы қағаздарының құнына қатысты айла-шарғы жасады деп айыпталуы бірінші рет емес. Бұл жолға айыптауларға қалай жауап бересіз?

– Өз акцияларына қатысты айла-шарғы жасау туралы айыптаулар қисынды. Бірақ FRHC бизнес зерттеушісі біздің акционерлердің маңызды бөлігі біздің клиенттеріміз екенін анықтағанда, дәл осылай емес екенін аңғарады. Өйткені біздің компанияға қызмет көрсететін брокерлердің акциялары бойынша сауда-саттық концентрациясының деңгейі жоғары. Шын мәнінде, олар біздің клиенттеріміздің транзакцияларына қызмет етеді.

Hindenburg Research-тің хабарлауынша FRHC Қазақстанның тұрақтылық қорының (ҚТҚ) бағалы қағаздарына шамамен 835 миллион доллар инвестиция салған, мұндай инвестиция компанияның тұрақтылығына қауіп төндірмейді ме?

– Біздің есепте және аудиторларымыздың есебінде реттеушінің кепілдігімен ақша тартқан ҚТҚ-ның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «еншілес ұйымдары» екені және бағалы қағаздардың өтімділігі жоғары және Қазақстанда сенімге ие екені айтылған. Оның тұрақты негізде Ұлттық Банктен қаржы алуға мүмкіндігі бар. Бұл бағалы қағаз Ұлттық Банктің кепілдіктеріне байланысты жоғары сенімділікке ие және реттеуші тарапынан шоғырлану лимитін шектеусіз сатып алуға рұқсат етілген, сондай-ақ мәртебесі бойынша мемлекеттік бағалы қағаздармен теңестірілген.

Айта кетерлік бір жайт, бүгінде Қазақстанда, АҚШ-тағыдай кірістілік қисығының инверсиясы бар: бұл дегеніміз – ақшаның ұзақ уақытқа, мысалы, бір жылға немесе он жылға қарағанда, бір түнге қымбатқа түсуі. Бұл негізінен Қазақстандағы инфляцияның тез бәсеңдеуімен және бүкіл нарықтың негізгі мөлшерлеменің төмендеуін күтуімен байланысты, бұл қазіргі уақытта FRHC иелігіндегі портфель банкке үлкен пайда әкелуі мүмкін дегенді білдіреді.

– FRHC құрылымдарына жиі айыппұл салынады, делінген мақалада. Бұл айтарлықтай үлкен проблема ма?

– Бізде шынымен 244 айыппұл бар. Бірақ біз ең үлкен брокерміз және біз чектердің максималды санынан өттік. Бір қызығы, осы тексерулердің қорытындысы бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы бұзушылықтардың басым бөлігі техникалық сипатта болғанын көрсетеді.

Hindenburg сонымен бірге холдингтің реттеуші сұраныстарына қатысты ақпаратты ашудан бас тартқанын жазды. Есепке сүйенсек, бұл көрсеткіш туралы ақпарат өте аз.

Біз осындай сұраныстар алдық және реттеушінің қызығушылық тудырған материалдарын бердік. Сондай-ақ ешқандай реттеуші органдардан бізге қандай да бір айып тағылмады. Ол біздің қаржылық есептерімізде жарияланар еді. Бұл орайда қандай да бір айып тағылмаса, реттеуші органдардан келген кейбір сұраныстарды ашуға құқымыз жоқ екенін айта кеткім келеді. Әдетте, реттеуші органдар дәл осындай «аналитика» пайда болған кезде сұраныс жіберіп жатады.

Hindenburg Research компаниясының FRHC бизнесіне жасаған шабуылдарының қандай да бір салдары бола ма?

Біздің қағаздарымыз аздап құлдырады, бірақ бұл қалыпты жағдай. Кез келген түсініксіз жағдайда кейбір инвесторлар бағалы қағаздарын сатуға тырысады. Десе де,
бұл
сынның әсері айтарлықтай үлкен болмайды деп есептейміз. Өйткені бізде өз клиенттерімізбен тіл табысу мүмкіндігіміз бар және көптеген клиенттер біздің компанияның акционерлері. Сондықтан да бізде клирингтік фирмалардаға шоғырлану көлемі жоғары.

Hindenburg-ке қарсы қандай да бір шара қолданасыздар ма?

Біз өз ісімізбен айналысамыз! Өзімізді жақсартамыз және өзімізге шабуыл жасауға негіз бермейтіндей жұмыс жүргіземіз. Қақтығысқа бел буған адам табыс таппайды. Өз ісін білетін, келіссөз жүргізе алатын адам ғана табыс табады. Бізге шабуыл жасағандар аз болған жоқ, жағымсыз пиарға сонша ақшасын сарп еткендер де болды. Бірақ олардың ешқайсысы бізге дәл тимей, өтіп кетті. Бір қуантарлығы, жыл сайын біздің клиенттеріміздің қатары көбейіп, барлық негізгі көрсеткіштеріміз өсіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз