Foxconn Үндістанда iPhone 15 шығара бастайды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Әлемдегі ең ірі келісімшарттық электроника өндіруші және Apple Inc. өнімдерін жеткізуші тайваньдық компания Foxconn Technology Group жуырда Үндістанның Тамилнад штатындағы зауыттында iPhone 15 шығаруды бастайды, деп хабарлайды The Economic Times.

Apple компаниясының соңғы үлгідегі смартфондары Қытайдағы зауыттан шыққаннан кейін 2-3 апта ішінде үндістандық зауыт құрылғыларды жеткізуге кіріседі.
Осылайша, америкалық IT алыбы Apple негізгі өндіріс орталығы орналасқан АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс жағдайында тәуекелдерді азайтпақ. Нәтижесінде танымал бренд жеткізу нарықтарын әртараптандыру бойынша көпжылдық жоспарды жүзеге асырмақ.

Компанияның өндірісті Үндістанда ашуына бірнеше фактор ықпал етті. Олардың қатарында жергілікті билік ұсынатын елде жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған әртүрлі қаржылық ынталандырулар іс-шаралары бар. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модидің АҚШ-пен тығыз қарым-қатынас орнатуға деген ұмтылысы да Apple үшін жағымды жайт болып саналады.

iPhone 14 өндірісіне дейін Үндістанда смартфондардың аз ғана бөлігі шығарылып келді. Бұл ретте соңғы үлгідегі құрылғылар Қытайдағы зауыттан 6-9 ай кеш жеткізілетін.
2022 жылы бұл мерзім айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар Үндістанда жасалған құрылғылардың саны iPhone телефондарының жалпы санының 7% -ға дейін өсті.
Бұл алшақтықты биылдың өзінде қысқарту жоспарлануда, бірақ жеткізушілердің өздері бұған күмәнмен қарайды. Үндістандағы iPhone 15 өндірісінің ауқымы сырт елден импортталатын компоненттерге және Ченнай қаласының маңындағы Foxconn зауытындағы смартфондар өндірісінің көлеміне байланысты.

Наурызда аяқталған 2023 қаржы жылының соңында Apple компаниясының Үндістандағы смартфон өндірісі ақшалай мәнде 3 есеге өсіп, 7 миллиард доллардан асты. Елдегі iPhone-ның бөлшек саудасы да оң динамика көрсетіп отыр.

Сәуірде Үндістан премьер-министр Нарендра Модимен кездесу барысында Apple бас директоры Тим Кук компания бүкіл ел бойынша инвестицияларды ұлғайтуға ұмтылатынын айтты, осылайша «алма бренді» Үндістанда маңызды өндірістік орталық құру үшін барын салуда, деп хабарлады The Indian Times басылымы.

Айта кететіні, iPhone-ның жаңа моделі туралы ақпарат 12 қыркүйек күні жарияланады деп күтілуде. Осы арқылы компания басшылығы жалпы сатылым көлемін арттыруды көздеп отыр. Осы айда Apple АҚШ, Қытай және Еуропа сияқты негізгі нарықтардағы тұтынушылық сұраныстың үшінші тоқсан қатарынан төмендегенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз