«ҚазМұнайГаз» пен «ЛУКОЙЛ» «Kalamkas-Khazar Operating» компаниясының 50% үлесін сату бойынша корпоративтік рәсімдерді аяқтады
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС-нің 50% үлесін «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ пайдасына сату бойынша корпоративтік рәсімдердің соңғы кезеңіне жетті, деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ басшылығымен кездесті. Келіссөз барысында тараптар ынтымақтастық мәселесі мен алдағы жұмыс бағытын талқылады, сондай-ақ, Каспий теңізінің қайраңында орналасқан «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жобасы бойынша ортақ іс-қимыл туралы пікір алмасты.
«Біз «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС үлесінің 50%-ын «ЛУКОЙЛ» компаниясына беру бойынша корпоративтік рәсімдердің соңғы кезеңіне келдік. Тараптар өзара түсіністік орнатқанын және келіссөз барысында компаниялар ұстанымына қатысты келіспеушілік болмағанын атап өту керек. Жобаны іске асыру кезеңінде де бірлесе жемісті жұмыс атқаратынымызға сенімдімін», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Еске сала кетсек, 9 ақпанда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан секторында «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауындағы учаскені игеру жобасы бойынша келісімге келді. Тараптар Үлескерлер келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталындағы 50% үлесті сатып алу-сату шартына және Үлескерлердің оператор қызметін қаржыландыру шарттары туралы құжаттарға қол қойды.
Жоба операторы «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС 2023 жылдың 3-тоқсанында ҚР Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясына кен орындарын игеру жобасын ұсынып, бекітуді жоспарлап отыр.
«Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Жағаға дейінгі қашықтығы – 60 км, тереңдігі – 7-9 метр. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 3-4 млн тонна болады деп күтілуде. Кен орындарын игерудің жалпы құны шамамен 5 миллиард долларды құрайды.
Қаламқас теңізі 2002 жылы ашылған, ол Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 120 км жерде және Хазар кен орнына өте жақын орналасқан. Қаламқас-теңіз бен Хазардың жалпы алынатын қоры 67 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газға бағаланады.