Жаңалықтар

Алматы маңында құны 7 млрд теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Фото: kursiv.media

Алматы облысында құны 7 млрд теңге тұратын жер телімдері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Алматы қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алматы қаласының прокуратурасы зерделеу барысында заңсыз алынған  жер учаскесін анықтаған. 2014 жылы Алматы шекарасын кеңейту нәтижесінде Алматы облысының жер учаскелерінің бір бөлігі қала құрамына енді. Сондай учаскелердің бірін, Алматы облысы Қарасай ауданындағы 30,9 га құрайтын жер «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін алған. Алайда ЖШС жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Осыған байланысты прокуратура сотқа арыз жолдаған.

«Прокуратураның талап-арызы бойынша Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Сот шешімі күшіне енбеді», деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.

Осыған дейін Ақмола облысы Ақкөл ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 264 га сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге  пайдалануға берілген орман қорының учаскесін мемлекетке қайтарылғанын хабарлаған болатын.